Түркістан облысындағы колониялардың біріне камерасы бар тыңшылық көзілдірікті өткізбек болған

141

 Түркістан облысындағы колониялардың біріне әдеттен тыс сәлемдеме келіп түсті, деп хабарлайды Otyrar.kz. Тұтқындардың біріне портативті камерасы бар көзілдірік жолданған. Сәлемдемені қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері қолға түсірді. Осылайша ол иесіне жетпеді.

«Сотталғандардың бірінің атындағы пошта жөнелтілімін тексеру барысында ішіне жасырын микробақылау камерасы орнатылған арнайы көзілдірік табылды», – деп хабарлады ведомство өкілдері.

Ведомствода алдын ала мәлімет бойынша, «тосынсый» салынған пакет ауыр және аса ауыр қылмыстар (адам ұрлау, бопсалау, терроризм) үшін 14 жылға сотталған, бұрын сотты болған азаматқа жіберілгенін айтты.

«Негізі оқиға орнына жедел-тергеу тобы келді, материалдар процессуалдық шешім қабылдауға жіберілді. Бірнеше рет жасалған ескертулерге, сондай-ақ заңсыз әрекеттерге қарсы тұру бойынша жүргізіліп жатқан шараларға қарамастан, пайдалануға тыйым салынған заттар мен тауарлардың түзеу мекемелерінің аумағына өтуі жалғасуда», – деп түсіндірді Шымкент қаласы және Түркістан облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті өкілдері.

Жыл басынан бері сәлемдеме арқылы тыйым салынған заттарды өткізудің 20-дан астам әрекеті тоқтатылды.

Көбінесе бұл есірткі мен ұялы телефондар. Ал көзілдірікті камерамен өткізу әрекеті тарихта алғаш рет орын алып отыр.