18,5 мың қазақстандық нашақорлықпен есепте тұр

181

Елімізде нашақорлықтың көрсеткіші жыл сайын артып келеді. Мамандардың айтуынша, есірткі өнімдерін тұтынатындардың қатарында тек ересек ерлер мен әйелдер ғана емес, жасөспірімдер де бар. Ресми статистика өсті дегенмен, нашаға тәуелді азаматтардың есепте тұрмайтыны қаншама… Мамандар бүгінде психотроптық заттарды қабылдаушылар мен саудалаушылардың да саны артпаса, кемімей тұр деп дабыл қағуда.

Соңғы он жылда әлемде нашақорлар саны 22 пайызға артқан. Жалпы 275 миллионға жуық адам есірткіге тәуелді. Бұл өсімнің нәтижесі, жыл сайын 500 мың науқастың өліміне себепші болып отыр. Ал, еліміздегі жағдайға келсек, 18,5 мың қазақстандық нашақорлықпен есепте тұр. Оның 1,5 мыңға жуығы әйел адамдар. Мамандардың сөзінше, 19 миллион халқы бар Қазақстан үшін бұл көрсеткіш үлкен қауіп төндіреді.

Бақытжан Әмірханов, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы: «Мемлекеттік құзырлы органдардың, қоғам өкілдерінің, мемлекеттік емес ұйымдардың жалпы жұртшылықтың бірлескен күш жігері жұмылдыруы абзал. Осы орайда барлық органдар мен ұйымдардың қатысуымен ел бойынша әрбір жасөспірімге және олардың ата-аналарына есірткінің зияны туралы түсіндіру мақсатында кең ауқымды профилактикалық іс-шаралар өткізіліп жатыр. Себебі осындай шаралар есірткіге қарсы әрекеттің ажырамас бөлігі болып табылады».

Оңтүстік аймақтарда үнді марихуанасының плантациялары өсіріледі. Жыл сайын оның 60-қа жуық дерегі анықталып, жойылып отырады. Аталған марихуана егілген жер шамамен 20 гектарды құрайтын көрінеді. Бұл орыннан 20 тоннадан астам есірткі тәркіленген.

Бақытжан Әмірханов, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы: «Сонымен қатар Оңтүстік аймақтарда, шалғай аудандарда үнді қара сорасы үлкен плантациялары өсіріледі. Кейде олардың сабағы 4 метрге дейін жетеді. Қылмыскерлер егістікті жинау үшін жасырын қоймаларда сақтайды, өсімдіктерді тамшылап суару жүйесін құрып жатады. Жұмысшылар мамыр айымен қазан айында жұмыс істейді. Оларға мезгілімен ас және барлық қажетті заттар жеткізіліп отырады».

Есірткі өнімін тұтынушылармен қоса, сатушылар да көбейіп келеді. Жақында осындай саудамен айналысқан Нұр-Сұлтандық ерлі-зайыптылар анықталды. Олар арнайы жоспар құрып, бірге әрекет етіп отырыпты. Алдымен 50 жастағы елорда тұрғыны қолға түсіп, оның жеке заттарын тінту кезінде сатуға дайындаған, салмағы 400 грамм шамасындағы гашиш пен марихуана табылыпты.

Бақытжан Әмірханов, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы: «Одан әрі пәтерді тінту барысында оның 47 жастағы жары ұсталды, ол өз еркімен балконда сақтаулы тұрған салмағы 10 келіге жуық есірткі заты гашиш пен 1,5 келіге жуық марихуананы көрсетті. Осыған қоса, Ботала көшесінен 25 жастағы жігіт ұсталып, тінту кезінде одан марихуана тәркіленді. Алынған заттың жалпы салмағы 11 келіден асады. Аталған факті бойынша «Есірткі, психотроптық заттарды, осы тектес заттарды жөнелту немесе өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Ол 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін».

Жыл басынан бері заңсыз айналымнан 130 келіден астам психотроптық заттар тәркіленіп, сату және сақтау фактілері бойынша мыңға жуық есірткі қылмысы анықталған. Нұр-Сұлтан қаласы мен Атырау облысында есірткі заттарын жеткізу және сатумен айналысқан үш ұйымдасқан қылмыстық топ әшкере болды. Аталған топ мүшелерінен 2 тоннадан астам есірткі түрлері тәркіленді.

Бақытжан Әмірханов, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы: «Есірткі неарығында және синтетикалық заттардың белең алуы. Ауған апиындарының елімізге жеткізілу қауіпінің сақталуы. Осыған байланысты біз дәрі-дәрмек сататын интернет-дүкендерді, сондай-ақ оларды өндіруге арналған жасырын зертханаларды анықтау және жою жұмыстарын жүргізіледі».

Мамандардың айтуынша, көп жағдайда нашақорлық әрекетке жұмыссыз жастар мен студенттер және мектеп оқушылары белсене араласады. Жедел мессенджерлерде дәрі-дәрмектің жарнамасы «оңай» ақша ұсыныстары бойынша таратылатын көрінеді.

Ал, жасөспірімдердің біразы осындай жағдайда арбаушылардың құрығына түсіп, нәтижесі есірткіге тәуелділікке алып келеді. Жыл басынан бері осындай 700-ден астам интернет-ресурс бұғатталып, дүниежүзілік желі арқылы есірткі сату фактілері бойынша 87 қылмыстық іс тіркеліпті.