Нашақорлық — көзге көрінбейтін, бірақ адам өмірін іштен жегідей жейтін қауіпті дерт. Ол бір адамның ғана емес, бүтін бір отбасының тағдырын талқандайды. Осы өзекті мәселені сахна тілімен көтерген «Жандауа» психологиялық драмасы бүгін Шымкентте көрермен назарына ұсынылды.
«Жандауа» қойылымы нашақорлыққа тәуелді адамның рухани күйреуін, ішкі арпалысын және бұл дерттің жақын жандарға тигізер ауыр зардабын суреттейді. Сахнадағы оқиға бір отбасының трагедиясы арқылы өрбіп, көрерменді бейжай қалдырмайды. Тіпті кішкентай көрермендер де бұл туындыға немқұрайлы қарамады.
БАУЫРЖАН НАМАШОВ, КӨРЕРМЕН: «Қойылым өте қатты ұнады. Наша шеккен өте зиян. Оның арты өлімге апарады. Ата-ананы сыйлау керек. Ренжітпеу керек, ұрмау керек»
Қойылымда жасөспірімдерді теріс жолға итермелейтін себептер де ашық көрсетіледі. Отбасындағы түсіністіктің жоқтығы, ата-ана мен бала арасындағы алшақтық, қоғамдағы немқұрайлылық — тәуелділікке бастайтын негізгі факторлар ретінде көрініс табады.
МЕДЕТ МАХМҰТҰЛЫ, ШЫМКЕНТ ЖАСТАР ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: «Бұл трагедияда нашоқорлыққа бейім болған жас бала дүниеден озады. Сондықтан да осы келіп отырған мектеп оқушылары соны көріп өсуі керек. Сонда біздің жастарымыз сол дерттен аулақ жүре ме деген ойда жасалынып жатқан дүние»
«Жандауа» — тек сахналық шығарма емес, қоғамға бағытталған үндеу. Туынды әр көрерменге өз таңдауына, өз жауапкершілігіне қайта қарауға ой салады. Осылайша нашақорлықпен күрес — тек заңмен емес, сана мен жауапкершілік арқылы жүзеге асатынын сахна арқылы жеткізілді.
Лаура Бабас






