Шымкентте ауа температурасы 29 маусымда 41 градусқа көтеріліп, аптап ыстық шарықтау шегіне жетті.
Оны синоптиктер де растап отыр. Салдарынан 103 және 112 қызметіне түсетін қоңыраулар саны да артқан. Алайда мамандар, маусымның 30-нан бастап ауа температурасы төмендейді деп отыр.
Аптап ыстыққа қарамастан Мұқағали Зиялов магистралды құбырдағы дәнекерлеу жұмысын бүгін аяқтауы тиіс. «Осы аптада ерекше ыстық болып жатыр, оғанда үйренгенбіз. Салқын судың өзі ауа температурасынан жылып кетіп жатыр. Алдағы жылу беру маусымына жоспарланған шараларды кестеге сәйкес аяқтауымыз керек»-дейді дәнекерлеуші.
Мұқағали Зиялов, «Куатжылуорталық-3» МКК жұмысшысы: «Ауа температурасы 45 градусқа барғанның өзінде мына дәнекерлеген кезде екі есе ыстыққа барады».
Ғани Болатов, «Қуатжылуорталық-3» МКК қызметкері: «Толстой көшесінде жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Қыс мезгіліне дайындық. Енді мына қолайсыз сәттер көп болып жатыр, күн ыстық. Амал жоқ, дем алып, дәнекерлеу нормативы болады. Мысалы жарты сағат жұмыс істесе, арасында енді 40-50 минут 1 сағатқа дейін демалуға рұқсат енді жұмыстың барысына қарап. Ауа-райы қолайлы болса арасында жарты сағат демалып тұрады ғой енді».
Маусымның соңғы аптасында жедел медициналық жәрдем көрсету қызметіне жүгінгендер саны күрт артқан. Соңғы 5 күнде шақыртулар саны тәулігіне 2500 -ге жеткен. Жедел жәрдем стансасындағы 9 бекетте 102 бригада 24 сағат бойы қала тұрғындарына қызмет етуде.
Эльмира Тасбауова, аға дәрігер: «Жиі шақыртулар жүрек талмасы, жүрек ұстамасы, маусымдық ауру болып табылатын іш өту, вирусты инфекциялардың саны көбеюіне байланысты сонымен қатар кене шағу дейміз ғой, оның да саны артып жатыр. Егер халық бізге 103- ке көмек сұрап қоңырау шалса, сіздерден өтініш диспетчердің қойған бүкіл сұрағына жауап берулеріңізді өтінемін. Өйткені, сіздерге қандай бригада жіберетініміз, қаншалықты жақын жер екені маңызды».
Ал тұрғындар, «күн ысыды деп тірлікті тұралатып қоя алмаймыз. Қалай болғанда да жұмыс істеу керек» дейді.
Тұрғын: «Орамал тағып жүреміз басымызға бала-шағаға шапка кигіземіз, суларын қалталарына, сумкаларына салып береміз. Сол салқын сулар ішіп жүреді».
Тұрғын: «Әрине өте қиын. Аялдамада қатты ыстық, автобуста салқындатқыш істеп тұрады. Терлеп, ішке кірген соң суықтап адамдар ауырады».
Автобус жүргізушісі Төрехан Құдайбердіұлы «жазда күн ыстық, жолаушылар да кірпияз мінезді болады. Жол бойы желдеткішке қатысты сын естіп жүйкең тозады»,- дейді,
Жүргізуші: «Қос өшір, қос өшір дейді. Мен қазір өшіріп тастадым. Қазір Нұртасқа барсам қос дейді. Ол кезде қосып берем».
Синоптиктер өткен тәуліктерде облыстың басым бөліктерінде аптап ыстық байқалғанын, ауаның температурасы облыс көлемінде 40-44 градусқа шейін жеткенін растап отыр. Сонымен қатар, бейсенбіден бастап ауа температурасы аздап төмендейтінін айтады.
Жанат Жарменова, «Қазгидромет» РМК Түркістан облысы бойынша филалының жетекші инженер-синоптигі: «29 маусымда ыстықтың шарықтау шегі болып жатыр. Шымкент қаласында сағат 3 көлемінде 40 градусқа көтерілді. Түркістанда 42 — ні ұстап тұр. Бұндай ыстық бүгін ғана болады. Ертеңнен бастап солтүстік батыстан антициклон ауысуына байланысты біздің екі облысқа ауа температурасы шамалы салқындайды. Күндіз ауа-температурасы Шымкентте 36-38 градус болады . Алдағы күндерде екі тәулікте 31-33 градус болады. Одан кейін 33-35 болады».
Қазгидромет қызметі, 44 градус ыстықты Отырар ауданында Қызылқұмда және Созақ аудандарында тіркеген. Ал Төлеби ауданында сынап бағанасы 34-35 граусты көрсеткен.
Шынар Оразова