БАҚ қызметкерлері кәсіби мерекелерін атап өтуде

107

 Бүгін Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері кәсіби мерекесін атап өтуде. Бұған дейін журналистерді маусым айының соңғы жексенбісінде құттықтап келсе, үш жылдан бері 28 маусым – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың  шешімімен ресми мерекеге айналды.

28 маусым – байланыс және ақпарат қызметкерлері күні. Қиындығы мен қызығы мол салада қызмет етіп жүрген жандардың бірі – Шынар Оразова. «Отырар» телекомпаниясының тілшісі журналистика саласына жасы 40-тан асқан шағында келіп, 20 жылдан бері үздіксіз еңбек етіп келеді.

Ол бұл мамандықтың қызық әрі ерекше екенін, сонымен қатар қажыр-қайрат пен терең білімді талап ететінін айтады. Мамандығы бойынша инженер-технолог әйел журналистика – жас талғамайды дейді.

Ал Аида Қарсыбайқызының «Отырар» телеарнасында қызмет етіп жүргеніне 1 жылдан асты. Филолог мамандығында білім алып жүрген бойжеткен оқу мен журналистік жұмысты бірге алып жүру оңай емес екенін айтады. Дегенмен, эфирге шыққан уақытта барлық шаршау мен қиындықты әп сәтте ұмытамын дейді.

Аида Қарсыбайқызы, «Отырар-TV» телеарнасының тілшісі: «Мен қазіргі таңда филология факультетінің 3 курс стедентімін. Қазақ тілі әдебиеті мамандығында білім алып жатырмын. Мамандығым журналист болмаса да, бала кезден қызығатынмын. Онлайн оқу кезінде осында келіп тәжірибе жинауға кірістім. Мұнда келгеніме қазір бір жылдан асып қалды. Мен үшін үлкен тәжірибе болды деп айта аламын. Мен осы бір жыл ішінде адамдармен араласуды, қоғаммен жұмыс істеуді, жауапкершілікті үйрендім».

«Отырар» телеарнасының кәсіби журналистерінің бірі, арна дикторы Жанерке Хумар журналистика мен жауапкершілік – егіз ұғым дейді. Еңбек жолын газет журналисі ретінде бастаған диктор осы салада 7 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді.

Жанерке Хумар, «Отырар-TV» телеарнасының тілшісі: «Журналистика бұл ең алдымен сол маманның бойынан үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық. Және бұл салаға осы жұмысты жақсы көріп келу керек. Жақсы көріп келгеннен кейін міндетті түрде халықтың сұранысы бойынша жұмыс істейді. Өзінің жұмысының жауапкершілігін сезінгеннен кейін мықты маман болуға тырысады».

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің еңбек жолы оңай емес, дегенмен қызығы қатар жүреді. Журналистер үнемі ізденісте жүреді – маңызды оқиғаларды, қызықты кейіпкерлерді табуға тырысады. Бұл салада белгіленген кестемен жұмыс істемейді, яғни демалыс немесе мереке күндері де арна тілшілері қызметте болады. Себебі – журналистер қауымы қуаныш пен қайғы қатар жүретін оқиғаларды көрерменге жеткізуі тиіс.

Гүлдана Дәурен