Шымкентте қалалық клиникалық балалар ауруханасының ұжымы, ауыр дертке шалдыққан балаларға арнап мерекелік кеш ұйымдастырды. Әрбір күнді дертпен күресумен өткеретін балғындар, бүгін бойдағы қиындықты бір сәтке болсын ұмытып, нағыз мерекелік көңіл күйге бөленді. Балғындарды бақытқа бөлеген емдеу мекемесіндегі мерекелік шара туралы толығырақ…
Бұл жерде неврологиялық, онкологиялық ауруға шалдыққан балалар ем қабылдайды. Туылған сәтінен бастап ауыр дерт арқалаған балалардың әрбір күні күреске толы десек артық айтқандық емес. Осыны ескерген қалалық клиникалық балалар аурухана әкімшілігі, бүлдіршіндерге арнап мерекелік кеш өткізді. Бұл күні науқас балалар түрлі ертегі кейіпкерлерімен би билеп, көңілді ойындарға қатысты. Сондай-ақ мерекелік шараға қатысқан балғындарға емдеу мекемесінің қызметкерлері бағалы сыйлықтар таратты.
Бұл шараның басты мақсаты — балалар мен олардың ата-аналарына мерекелік көңіл күй сыйлау. Мұндай көңілді шаралар балалар мен олардың туыстарын психологиялық және эмоциялық тұрғыдан байытады дейді дәрігерлер. Бүлдіршіндерге естен кетпес ерекше қуаныш сыйлауды көздеген ақ халаттылар, мекеме маңайын арнайы декорация құрып ертегілер елінен сыр шертетін кейіпкерлермен безендіріп қойған.
Динара Жұмаділова, Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасының бас дәрігері: «Бар жақсылық балаларға. 2022 жылды президентіміз Касым-Жомарт Токаев «Балалар жылы» деп бекітті. Бүгін біз осы мерекені қалалық балалар клиникалық аурухана ұжымы болып «Бала деген бір бақыт» атты мерекелік іс-шараны атап өтудеміз”.
Айта кетейік, бүгінде ауруханада әртүрлі диагнозбен 18 жасқа дейінгі 300-ден аса бала емделуде. Көптеген балалар мұнда бірнеше күннен, бірнеше аптаға дейін ем алады. Ал жыл басынан бері әр аптаның жұма күні Асардағы балалар ауруханасында бейінді дәрігерлердің қатысуымен Ашық есік күні өтуде. Шара аясында дәрігерлер жыл соңына дейін пациенттерлі қабылдап, медициналық көмек көрсетуге дайын.
Лаура Нахыпқызы