Атышулы ЛРТ құрылысы қайта жанданады. Тек жоба біршама оңтайландырылған көрінеді. 18 станцияның 8-і ғана қалған. Жоспарланған 19 жылжымалы құрамның бесеуі ғана жүрмек. Осының есебінен жобаны аяқтауға қажетті қаражат 1 млрд. доллардан 577 миллионға дейін түсіпті. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді.
Қала басшысының айтуынша, жобаның болашағына қатысты 400-ден астам ұсыныс түскен. Оның 51 пайыздан астамы құрылысты аяқтауды ұсынса, 42 пайызы – балама нұсқаларын, 7 проценті жобаны толық бұзуды сұрапты. Халықаралық көлік ұйымдарынан да ұсыныстар түскен көрінеді. Алайда, есепсіз кеткен қаржыны ескере отырып, жобаны жалғастыру туралы шешім қабылданған.
Егер қаржыландыру тоқтамаса, құрылыс екі жылдың ішінде аяқталып, пайдалануға беріледі. ЛРТ-ны күтіп ұстауға бөлінетін қаржы туралы да айтылған. Бұл қызметке жергілікті бюджеттен жыл сайын шамамен 3 млрд. теңге бөлінеді.
Шынар Оразова