Қала күніне орай Шымкенттің іргесіндегі Елтай тұрғын алабында жөндеуден өткен Садық Оспанов көшесінің жолы пайдалануға берілді.
Тоғыс елдімекенімен байланыстыратын асудағы күре жол жарықтандырылған, жаяу жүргіншілер жолы да қарастырылған. 2020 жылы топан судан зардап шеккен елтайлықтардың тұрмысы бүгінде жақсарып, тұрғын алабында 600 орындық мектеп салынып, көпірдің құрылысы келер жылы басталмақ.
Осыдан екі жыл бұрын мамырдың ортасында Елтай тұрғын алабын топан су басқан еді. Жоғарыдан қатты ағынмен аққан су арнасынан шыға жайылып аулаларға ағып үйлерді зақымдаған болатын.Әлібек Оразбаевтың үйі де сол кезде арықтың бойында сайда орналасқандықтан қатты зақымдалған еді . Сумен келген тастар ауланы басып мына даладағы асхананың қабырғасын бұзып өтті дейді отағасы.
Төтенше жағдайда қатты зақымдалған бес үй жарамсыз деп танылып, жаңа баспаналар бой көтерді. Зардап шеккен бес отбасының арасында Оразбаевтар та бар. Бес баланың әкесі қолдау көркеткен халқынашексіз алғысын білдірді.
Әлібек Оразбаев, Елтай тұрғын алабының тұрғыны: «Жан-жақтан көмек келді. Сол жылы қала әкімі Әйтенов жаңадан тағайындалған, әкімнің орынбасары ауылымызда елмен бірге болып уәдесінде тұрып іргетасын өзім қалаған үйді көтеріп шатырын жауып беруге қолдау көрсетті. Алдымен Аллаға, екінші халқына жерглікті билікке алғысымды білдіремін. Рахмет».
Елтайлықтардың тұрмысы жылдан жылға жақсарып келеді. Көшелеріне асфальт төселген, ескі тозығы жеткен бағаналар кезеңімен ауыстырылып, бүгінде Найзатай көшесі жарықтандырылған. Тұрғын алабқа қоғамдық көлік те қатынайды. Қала күніне орай ұзындығы 2,3 шақырымды құрайтын Садық Оспанұлы көшесінде жол жөнделіп, жарықтандырылды. Асудағы бұл күре жол Елтай елдімекенін Тоғыс тұрғын алабымен байланыстырады.
Жансейіт Теңізбаев, Елтай тұрғын алабының тұрғыны: «Елтайдағы асуда бұрын лай оқушылар мектепке барғанша балшыққа батып әбден қиналатын еді. Енді міне жолды салып, балалар да риз,а еркектер де, әйелдер де риза».
Президенттің шалғайдағы елдімекендерді инфрақұрылыммен қамту тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған Шымкент қаласының даму жоспары түзілген.
Еңбекші ауданындағы Қазығұрт аумағына кіретін Елтай, Жыланбұзған, Маятас, Айнатас, Тоғыс елдімекендерінде 20 мың халық тұрады. Аумақта 4 мектеп, 3 балабақша бар.
Инвестордың қолдауымен Елтай тұрғын алабында 600 орындық мектептің құрылысы жүріп жатыр. Келер жылы көпірдің құрылысы басталады деп күтуде.Нысанның жобалық сметалық құжатын әзірлеуге қаржы да бөлінген дейді әкімдіктегілер. Балалар алаңшасын салу жөнінде тұрғындардың өтініші де даму жоспарына енгізілді.
Шынар Оразова