Шымкенттің үш полицейі суицидтің алдын алды. Тәртіп сақшыларының айтуынша, 109 нөміріне тұрғын үйдің тоғызыншы қабатында, шатырда бір әйел тұрғаны туралы хабарлама түскен. Полицейлер қайғылы оқиғаның алдын алды. Белгілі болғандай, өз-өзіне қол жұмсауға бел буған азаматша іздеуде болған.
Бұл бейнематериал полиция қызметкерінің жетонында жазылған, өлімге әкелетін қателікке санаулы секундтар ғана қалған сәт. Тәртіп сақшылары әйелді ұстап алып, шатырдың шетінен қауіпсіз аумаққа шығарған. Өз өмірін қиюға бел буған ол есінен танып, кейін айқайлап, полицияға қарсы әрекет ете бастады.
Психолог Герман Владимиров жүйкесі сыр берген, қарыздары немесе отбасылық проблемалары бар адамдар өз-өзіне қол жұмсауға бейім болады дейді.
Герман Владимиров, психолог: «Өзіне-өзі қол жұмсаудың 3 факторы бар. Біріншісі адамда жүйке ауруы немесе ауытқуы болғанда. Мұндай адаммен жабық мекемеде жұмыс жасау керек. Психиатриялық және психологиялық тұрғыда. Екінші фактор: осындай әрекетке итермейлейтін бірқатар жағдайлар болады. Ол содан шығу жолдарын таппай өзіне қол жұмсауға дейін барады. 3-ші нұсқаны жастар көбінесе пайдаланады. Ол манипуляция. Адам қиындық басына түскенде, ол жағдайды игере алмай, басқа амалы болмаған соң осындай әрекетке барады. Шешімін таппайтын мәселе жоқ. Сондықтан сабырлық танытқан жөн».
Белгілі болғандай, әйел күйеуімен жанжалдасып, шарасыз қадамға баруға бел буған. Бірнеше күн бұрын көп балалы ана үйден шығып кеткен. Туыстары іздеу салған, бірақ таппаған. Енді отағасы полиция бөлімшесінде болған оқиғаны түсіндіруі керек. Ол қазір түсініктеме беруде.
Сұңғат Әбілов, Шымкент қаласының полиция қызметкері: «Біз оны тыныштандырып, дәрігерлерге тапсырдық. Мұндай жағдайлар жиі болып тұрады: біздің міндетіміз құтқару, өмірді сақтап қалу үшін бәрін жасау. Біз мұны ерлік деп санамаймыз — бұл біздің жұмысымыз, күнделікті өміріміз. Біз кейін әйелді полиция бөліміне апарып, оның бірнеше күннен бері хабар-ошарсыз кеткен болып есептелетіні белгілі болды. Оның күйеуі де полиция бөліміне жеткізілді. Одан кейінгісі тергеушілердің жұмысы».
Әйелдің өмірін сақтап қалған полиция қызметкерлерінің батыл әрекеті ескеріле ме? Оны басшылық шешеді. Ал кейіпкерлеріміз «Бұл, біздің міндетіміз!» деп қысқаша қайырды.
Қиындыққа тап болғандарға көмек қолын созуға әрқашан дайынбыз деген мамандар, бұндай жағдайлар тек жұмыс кезінде ғана емес, қарапайым өмірде де кездесетінін айтады.
Шынар Оразова