Қайырымдылық қоры балалар арасында үстел хоккейінен турнир өткізеді

80

Мектептегі жазғы лагерде жүрген балалар шағын турнирге қатысу арқылы қайырымды іс жасай алады. Қауысбек Тұрысбеков атындағы жеке қайырымдылық қоры лагердегі балалар арасында үстел хоккейінен турнир өткізіп жатыр.

1 айға созылатын игі бастамаға қатысу үшін балалар 200 теңге көлемінде қайырымыдылық жарнасын төлейді. Ал жиналған қаржы балалар үйіне, аз қамтылған отбасындағы балаларға спорт жабдықтарын алуға жұмсалады.

Қарсыбай Сыпатаев атындағы ІТ мектеп лицейінің оқушылары лагерьдегі бір күнін қайырымды іс жасауға арнады. Балалар Қауысбек Тұрысбеков атындағы жеке қайырымдылық қоры ұйымдастырған шағын турнирге қатысып, салауатты өмір салтын ұстанумен қатар, игі іске атсалысты.

Назым Жайлаубай, Қ. Сыпатаев атындағы №7 ІТ мектеп-лицейінің оқушысы: «Маған бәрі ұнады, хоккей де, лагерь де, бүгінгі ойын да ұнады. Біз ұтып едік, бізге тәттілер берді».

Оқушылар шағын турнирге қатысу үшін 200 теңге көлемінде жарна төлейді. №7 ІТ мектеп-лицейі қайырымыдылық акциясына қатысып отырған төртінші білім ордасы. Мұғалімдер оқушылар ойын ойнау арқылы өздері сияқты өзге балаларға мүмкіндік сыйлай алатындарына ерекше қуанғанын айтады.

Фарида Шымырбекова, Қ. Сыпатаев атындағы №7 ІТ мектеп-лицейінің мұғалімі: «Бүгін біз балалармен қайырымдылық іс-шарасына атсалысайын деп біз арнайы шақыртумен келдік. Балаларға өте ыңғайлы. Балалар қайырымдылық жасай білуді үйренді, мейірімді болуды үйреніп жатыр. Қазіргі заманда гаджеттен алшақ болуды үйреніп жатыр. Бүгінгі күн балалар үшін өте қызықты, есте қаларлықтай болды деп ойлаймын. Өйткені күнде балалар телефонда ғой, ал бүгін өздерінің дос-сыныптастарымен логикалық тұрғыда ойын ойнады».

Шағын турнир аяқталған соң, балаларға тәтті сыйлықтар мен арнайы диплом үлестірілді. Бұған дейін түрлі бағыттағы іс-шаралар өткізіп келген қайырымдылық қоры балаларға арналған жазғы лагерь бағдарламасын биыл бірінші рет жүзеге асырып отыр.

Ұйымдастырушылар балаларға арналған іс-шара бір ай көлемінде жалғасатынын айтты. Ал жиналған қаржы аз қамтылған немесе көпбалалы отбасыларға, сондай-ақ балалар үйіне спорттық жабдықтар алуға жұмсалады.

Гүлдана Дәурен