Үшінші мегаполисте «Шымкент жастар лигасының» жабылу рәсімі өтті. Мектеп оқушылары арасындағы турнирге мемлекет басшысының тапсырмасымен бұқаралық спортты дамыту бағдарламасы аясында қала әкімі бастамашы болды. Жарыстың соңғы күні мектеп оқушылары футболдан финалдық кездесу өткізді. Қажымұқан стадионында болған салтанатты рәсімде спорттың 4 түрінен жеңімпаздар марапатталды.
Шымкенттің ең үлкен стадионында футболдан жастар лигасының жеңімпаздары анықталды. Финалдық ойынды тамашалауға мыңдаған адам жиналды. Жастар лигасы Шымкентте екінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Биыл додаға мегаполистің 151 мектебі қатысып отыр.
Мағжан Исахов, Шымкент қаласының жастар ресурстық орталығының басшысы: «Шымкент жастар лигасы 4 спорт түрінен ұйымдастырылуда. Футбол, баскетбол, волейбол, футбол. Жалпы жүлде қоры демеушілер есебінен 80 млн. теңге. Әр спорт түрінің жеңімпаздарына 20 млн. теңгеден бұйыратын болады. Шымкент жастар лигасы — оқушылардың мектептен тыс уақытын пайдалы өткізу, бұқаралық спортты дамыту мақсатында ұйымдастырылды. Өз нәтижесін беруде».
Жастар арасындағы жарыс үш ай көлемінде өтті. Лигада шахмат бойынша бірінші орынды №9 мектеп-лицейдің оқушылары, баскетболдан №8 мектеп-гимназиясының командасы жеңіп алды, ал №113 орта мектептің оқушылары волейболдан үздік атанды.
Лилия Асанхан, «Шымкент жастар лигасына» қатысушы: «Жарыс негізі қиын болды. Өйткені алдымызда №65 және №47 мектептері мықты болған. Бірақ біз бәрібір оларды жеңуге тырысып, бірінші орын алдық».
Ерсұлтан Ахметбек, «Шымкент жастар лигасына» қатысушы: «Осы чемпионат қиын болды. Барлық мектеп өздерін өте мықты көрсетті. Барлық мектепке алғыс айтамыз. Жастар үшін осындай лига өткізгендеріне рақмет дейміз! Сезім керемет болды, себебі 20 млн-ды ешкім бере бермейді!».
Жастар лигасының жалпы жүлде қоры 80 млн. теңге. Жеңімпаз командаларға 20 млн. теңге көлемінде ақшалай сый берілді. Білім ордасының директорлары бұл қаражатты оқушыларға сапалы білім беру мақсатында мектеп базасын жаңартуға жұмсаймыз деп отыр.
Анар Аманқұлова, Ө. Жолдасбеков атындағы №9 IT мектеп-лицейінің директоры: «Біз айти лицей болғасын мектеп базасына жұмсағымыз келеді. Лед экран, интерактивті тақта алғымыз келеді. Бізде кеңес бар, солардың шешімімен көреміз енді».
№65 мектеп командасы футболдан жастар лигасының чемпионы атанды. Құрама команда қарсыластарын 3:1 есебімен жеңді. Турнирдің жабылу салтанатына қала әкімі де қатысты. Мегаполис басшысы жас спортшыларды жеңісімен құттықтады.
Гүлдана Дәурен