Судья және сот қызметкерлері кәсіби мерекелерін тойлады

210

24 маусым – судья және сот қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып бекітілді. Еліміздегі сот жүйесінің алға дамуына үлес қосып келе жатқан Шымкент қалалық сотының құрылғанына биыл төрт жыл толады. Осыған орай қаламызда, заң өкілдерінің кәсіби мерекесі құрметіне салтанатты жиын өтті.

Қазақстандағы мерекелік күндердің тізбесі тағы атаулы датамен толықты. 24 маусым ағымдағы жылдан бастап Судья және сот қызметкерлерінің кәсіби мейрамы болып аталатын болды. Осыған орай арнайы ұйымдастырылған салтанатты жиында қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан сот жүйесінде еңбек еткен ардагерлер судьяларды және бүгінде салада қызмет етіп жүрген судьялар мен сот қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтап, жұмысына табыс тіледі

Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары: «Соттың жұмысы өте ауыр. Қазақстан Республикасының атынан шешім шығаратын, адамдардың тағдырына араласатын, тағдырын өзгертіп те жіберетін міне осындай үлкен жауапкершілік бұл ел алдында әр соттың әр азаматтың әрбірден соң өзінің арының алдында жауапкершілігі деп ойлаймын. Осы жауапкершілікті бір адамдай көтеріп, үлкен кәсіп иесі ретінде көтеріліп жатқан сізлердің алдарыңызда басымды иіп алғыс айтамыз».

Бүгінде Қалалық соттың құрамында бұрынғы 4 аудандық сот және жаңадан құрылған 6 мамандандырылған сот бар. Қызметкерлердің қатары жыл сайын жас буынмен толығуда. Бүгінгі мерекеде олар сот саласында адал қызмет етуге ант берді

Шымкент қалалық сотына биыл төрт жыл. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын үкімет» тапсырмасына сәйкес, соттағы ашықтықты қалыптастыру мақсатында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Сот жүйесінің қалыптасуына сүбелі үлес қосқан судьялар, сот қызметкерлері мерекелік шарада марапатқа ие болды.

Мұхтар Пәрменов, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы: «Бүгінгі күні өз әріптестерімді осы кәсіби мерекемен құттықтай келе барлығына бірінші кезекте зор денсаулық, отбасыларына амандық, қажымас қайрат тілегім келеді. Алдымызда тұрған белестер көп, сол белестерді барлығымыз бірге бағындыруымыз керек».

Мемлекеттік қызмет түрлерінің көпшілігі цифрландырылып жатқанда, сот саласы да осы үрдістен сырт қала алмайды. Сот процестерін жедел және қашықтан ұйымдастырудың оңтайлы тұстары кеңінен қолданылуда.

Судьялардың кәсіби біліктілігін тұрақты түрде жетілдіріп отыру, жұмыс тәсілдерін дамытып, жаңа талаптарға бейімделу, халықаралық тәжірибені ұдайы ескеріп, шеберліктерін шыңдау. Адамның құқықтары мен бостандықтарын судья басты назарда ұстауға тиіс екенін президент үнемі айтып келеді.

Шынар Оразова