232 млн. теңге: Түркістанда жұмысшылар 3 айдан бері жалақы алмаған

39

Түркістанда ірі құрылыс компаниясының жүздеген жұмысшылары жалақы төлеуін талап етіп, наразылық акциясына шықты. Заңгер Евгений Яворскийдің мәліметіне сүйенсек «Ақжол» ЖШС-нің 700-ден астам жұмысшысы бүгінде тиісті еңбекақысын ала алмай отыр. Ал наразылыққа шыққандар, наурыз айынан бері өз жалақыларын ала алмаған.

Түркістандағы құрылыс компаниясының 752 қызметкері үш айдан бері маңдай терін төгіп еткен еңбектің ақысын ала алмай дал болып жүр. Ал бұған дейін жұмысшыларына уәдені үйіп төккен «Ақжол» ЖШС-нің еңбеккерлер алдындағы берешегі – 232 миллион теңгені құрайды. Бұдан кейін аталған компания Түркістандағы ХҚТУ мен Отырар шағынауданы аралығын жалғайтын көшенің құрылыс жұмыстарын жасауды қолға алып, істің аяғы сотқа дейін жеткен еді. Ал «Ақжол» ЖШС заңгері Евгений Яворский, өрескел құқық бұзушылық жергілікті шенеуніктер тарапынан кеткен деп есептейді.

Евгений Яворский, заңгер: «Ақжол» ЖШС қызметкерлері, атап айтқанда наурыз, сәуір, мамыр, маусым айларында 752 адам өздерінің адал тапқан табысын ала алмаған. Бұл жағдай аймақ басшылығы өзінің тікелей функционалды қызметін дұрыс жүзеге асырмағандықтан туындап отыр. Нақты орындалған жұмыс ақысы, ақша жоқ болғаннан соң төленбей отырған жоқ. Мұнда жалпы жұмыстың жүйесінде қателіктер бар».

Түркістан қаласының әкімі ешкім айлықсыз қалмайтынын мәлімдеді. Ең бастысы — сот шешімін күту керек.

Нұрбол Тұрашбеков, Түркістан қаласының әкімі: «Қазір біз соманы толығымен төлей алмаймыз, қазір сот процесі жүріп жатыр, барлық рәсімдер аяқталатындықтан, «Ақжол» ЖШС компаниясының барлық ақшасын төлейміз».

Адвокат Евгений Яворский жұмысшылардың бұл әрекетін билік пен халықты бопсалау немесе қорқыту деп есептемейді. Сөзінше айлықсыз қалған жандар амалсыздықтан осындай қадамға барып отыр.

Евгений Яворский, адвокат: «Бұл компания жол құрылысымен айналысады. Олар өңірдегі ең ірі құрылыс компаниясы болып саналады. Мұнда мыңдаған жұмысшы еңбек етеді. Бұған дейін аталған орын барлық жұмысын тиянақты орындап жүрген. Қазір енді наразылық акциясына шыққандарды көндіріп, үйлеріне қайтардық. Бізге әкімдік ақшаны береміз деп уәде берді. Енді біз сол ақшаны күтетін боламыз».

Компанияның қарызы — тек төленбеген жалақымен шектелмейді. Заң аясында қарастырғанда әлі айыппұл да түсуі мүмкін.

Әсел Мәлік