Алтын қымбаттауы мүмкін. Шикізаттық экспорттың 12 процентін қамтып келген Ресейден алтын импорттауға тыйым салынуы өнімнің қымбаттауына алып келеді. Еуразиялық зергерлер экспорттық бюросының төрағасы Гагик Мкртчян осылай дейді. Эмбаргоға Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Жапония, Германия және Франция қосылады. Қазір алтын унциясы 1830 доллар шамасында. Ақпаннан бері баға құбылып тұр, тіпті 4 процентке арзандады. Сарапшы жақында бағалы металл құны тұрақталатынын, бірақ қымбаттайтынын болжайды. Себебі, өнімді заңсыз жолмен сататын делдалдар көбейеді. Мамандар қазақстандық алтын өндірушілерді әлемдік нарыққа тікелей шығуға шақырады. Өйткені елдің мұндай әлеуеті бар. Әзірге шикізат инвесторлардың көмегімен ғана экпортталуда. Әлемде 205 мың тонна алтын қоры бар, оның 400 тоннасы Қазақстанда шоғырланған. Көрсеткіш бойынша 12 орында тұрмыз. Демек, өндірушілер мен қайта өңдеушілерге инвестиция тарту маңызды.
Шынар Оразова