«Бір тәулікте қаражат жиналды»: Блогер Рысбала Икрамбай тағы да бір отбасына үй алып берді

239

Инстаграм блогері мен оның оқырмандары шымкенттік 4 балалы жалғызбасты анаға баспана сыйлады. Қайырымды жандар үйге қажетті қаражатты небәрі 1 тәулікте жинаған. Бұған дейін Алматы мен Түркістан облысындағы мұқтаж жандарды қуантып келген игі жақсылар енді мегаполистегі тағдыр тәлкегіне түскен аналарға қол үшін созуда.

Бұл игі істердің басында жүрген блогер Рысбала Икрамбай мен оның оқырмандары ат салысып алып берген 26-ы үйі. Бұған дейін Алматы облысындағы 24 отбасын өз шаңырағына кіргізген қайырымды жандар енді оңтүстік өңіріне ат басын бұрыпты. Олар бір аптаның ішінде Түркістан мен Шымкенттің қос отбасын қуанышқа бөледі.

3 жыл алдын жарынан айырылған Ұлмекен Төрегелдиева бұған дейін жалдамалы пәтер жағалап келіпті. Ал пәтерақысы мен 4 баласының қарнын тойдыру үшін өзі даяшы болып жұмыс істейді. Әрі кіші қызына «рахит» диагнозы қойылған екен. Алайда, 28 жасында тағдырдың тәлкегіне түскен ананы қалың қазақ көшеде қалдырмады.

Бүгін Ұлмекеннің жары өмірден өткен күн. Бұған дейін «Қайда құран оқытамын» деп уайымдап жүрген анаға дәл осы күні баспана бұйырды.

Ұлмекен Төрегелдиева, көпбалалы ана: «Бұл өңім емес, түсім сияқты. Әлі де сенер сенбесімді білмеймін. Шынымды айтсам сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Әуелі Алла, сосын мына бізді қолдаған халқыма көп-көп рақмет. Рысбала және оның командасына алғысым шексіз. Басымды иіп алғыс айтамын».

Блогер Рысбала Икрамбайдың айтуынша, осы үйдің бұрынғы иелері де сауапты іске ат салысқан. Олар 35 млн. теңгеге бағалаған үйін, қайырымдылық үшін 23 млн. теңгеге беріпті.

«Жалғыздың үні шықпайды, жаяудың шаңы шықпайды дейді қазақ. Жалғыз өзімнің қолымнан ештеңе келмейді. Бұл қалың қазақтың бір-біріне жасап жатқан үлкен көмегі. Шымкент жұртының қонақжайлылығы, бауырмалдығы сонша мына үйдің бүткіл жиһазын керек жарағын-барлығын осы балапандарға тегін сыйға тастап кетті. Сол үшін қайырымдылық десе қос қолдап үлес қосатын халыққа қара басым қара жерге кіргенше алғыс айтып өтемін»,-дейді Рысбала Икрамбай.

Қазір өздерін «Ырысты армия» деп атайтын Рысбала мен оның оқырмандары жарынан айырылған аналар мен әкелерге үй алып беріп жүр. Өйткені, блогердің өзі де әкесінен ерте айырылып, анасының қиналғанын көріп өскен. Сондықтан, жетімдердің жылағанын қаламаймын дейді.

Рысбала Икрамбай, блогер: «Отынның жайын жаққан біледі, арбаның жайын жеккен біледі». Бұндай жарынан айырылып жастай жесір қалу-менің анамның да басында бар. Дәл осы балалар сияқты менің де кеудемде әкеге деген сағыныш өте ертеден басталды. Менің шынайы жүрекпен «әке» деп айтпағаныма, сөздік қорымнан ол сөздің өшкеніне 10 жыл болыпты. Қиындықтар болды. Ал енді мен қазір өзім түскен орға артымдағыны түсіргім келмейді».

Сұхбат барысында Рысбала Икрамбай сыйға тартылатын келесі үй де Шымкент қаласында екенін айтып қалды. Халықтың қолдауымен, жақын күндері тағы 5 балалы жалғызбасты ана баспаналы болады екен. Бірақ, қайырымды жандар мұнымен тоқтамаймыз дейді. Алдағы уақытта Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, балаларға жайлы баспана сыйлап, қуантуға дайын.

                                                                                       Мөлдір Ибадуллаева