«Ұлы дала мұрасы»: Шымкентте домбыра күні аталып өтті

125

Шілде айының алғашқы жексенбісінде Қазақстан «Ұлттық домбыра күнін» атап өтеді. Осыған орай, 3 шілде күні үшінші мегаполистегі Астана алаңында «Ұлы дала мұрасы» атты мерекелік кеш өтті. Жиында бір мезетте 300-ден астам жас домбырашы өнер көрсетіп, қаланы күй күмбіріне бөледі.

Ұлттық домбыра күніне орай ұйымдастырылған «Ұлы дала мұрасы» атты ерекше мерекелік кеште, өнерпаз өрендер қаламызды ғажайып күй күмбіріне бөледі. Ұлттық аспапты ұлықтауға арналған концертке 300-ге тарта шымкенттік жас өнерпаздар мен мәдениет үйінің әртістері атсалысты. Соның ішінде АРТспорт,кз порталы арқылы ашылған «Гүлшем-Айша» домбырашылар үйірмесінен 70 бала қатысып отыр.

Назира Қыдырбаева,  «Гүлшем-Айша» домбырашылар үйірмесінің басшысы: «Домбыра күнімен баршасын құттықтаймын. Менің үйірмемде бүгінгі таңда 86 оқушы домбыра пәнінен, ал дәстүрлі ән пәнінен 26 оқушы бар. Барлық конкурстардан бас жүлде, бірінші орын алады балаларымыз. «Ұлы дала ұрпағы» сияқты республикалық, халықаралық конкурстардан 1 орын, бас жүлде алады».

2018 жылы Елбасы ұсынысымен шілде айының бірінші жексенбісі ұлттық домбыра күні деп бекіткен болатын. Атаулы күнге орай ұйымдастырылған ерекше кеш, ұлттық өнерді қастерлейтін қауымды қуанышқа бөледі.

Бауыржан Орынтаев, Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының бөлім басшысы: «Қазақ пен домбыра егіз ұғым. Домбырасыз қазақты елестету мүмкін емес, Сондықтан да ұлттық домбыра күнін бүгінге жоспарладық қала әкімдігінің бастамасымен. Сондықтан да мереке құтты болсын. Мереке қарсаңында отбасыларыңызда амандық, дендеріңізге саулық тілейміз. Қаламыздың өркендеп, дамуына бірге атсалысап жүре берейік».

Мерекелік концертте «Көңілашар», «Ерке сылқым», «Кеңес», «Балбырауын» сынды күйлер Шымкент тұрғындарын қоңыр үнімен баурады. Сондай-ақ ұлттық аспаптың кең өріс алуына ықпал еткен жандарға мереке қарсаңында арнайы алғыс хаттар табысталды.

Әсел Мәлік