Шымкентте ұлттық домбыра күні аталып өтті

64
Фото Отырар.кз

Шілденің бірінші жексенбісі – Ұлттық домбыра күні. Елімізде мереке қарсаңында қазақтың қасиетті аспабы ұлықталды. Шымкенттегі автобустарда, сауда орталықтары мен дәмханаларда түрлі күйлер орындалды. Мегаполис жұртшылығы айтулы меркені қалай тойлады? 

Шымкенттің қоғамдық көліктерінде қазақтың күйі ойнады. Қара домбыраның үні автобустарда ғана емес, қаладағы сауда орталықтары мен дәмханаларда да күмбірледі.

Мерекеге орай қоғамдық орындарда күйлер орындалып, қазақ мәдениетінің символы ұлықталды. Шілденің алғашқы жексенбісі – ұлттық домбыра күні. Мереке қарсаңында Шым қаланың төрінде ұлттық болмысымыздың нышаны болған домбыраға арналған мерекелік кеш өтті.

Себелеген жаңбырға қарамастан, күмбірлеген қара домбыраның үнін тыңдауға келгендердің қарасы қалың болды. «Домбыраның үнін ұмытып бара жатырмыз»,- деген жұртшылық ұлттық аспаптың осындай жоғары деңгейде ұлықталып жатқанына қуанышты.

Әсел Өтебаева, Шымкент қаласының тұрғыны:
«Бүгінгі кеш жақсы өтіп жатыр. Домбырарың үні жағып жатыр. Осы домбыра күнінде жыл сайын осындай концерт өткізсе жақсы ғой. Ұмытып бара жатырмыз ғой домбыраның даусын»

Мерекелік шарада қазақтың ұлттық күйлері мен әндері шырқалды. Домбыраны ұлықтап жүрген жандар осы кеште өз өнерлерін паш етті. Олардың қатарында «Қаған» этно-фольклорлық ансамблі бар. Олар домбыраны ғана емес, ұмыт болып бара жатқан өзге де аспаптарда өнер көрсетіп жүр.

Бақытжан Сейтжанұлы, «Қаған» этно-фольклорлық ансамблінің мүшесі :
«Осындай мерекеде біз өз ұжымымызбен өнерімізді паш етудеміз. Жалпы “Қаған” ансамблі Шымкентте, Қазақстанда ғана емес, алыс жақын шет елдерде де өз өнерін көрсетіп жүр. Біздің ансамбл қазақтың домбырасын ғана емес, жалпы ұмыт болған аспаптарын жаңғыртып, жаңа бір қырынан көрсетіп жүр. Оның ішінде домбырамыз, қобызымыз, шіңкілдек, шерте сынды аспаптарымыз бар. Бүгін де дәл осы мерекеге өз аспаптарымызды асынып келіп қалған жайымыз бар. Қазақтың ұлттық мұрасы –  домбырасы жасай берсін!»

Елімізде жыл сайын шілденің алғашқы жексенбісінде “Ұлттық домбыра” күні аталып өтеді. Биыл Шымкенттіктер бұл мерекені тойлауды ертерек бастады. Қаламызда апта бойы сауда орталықтарынан бөлек, базарларда да домбырашылар шеруі өткен.

Мөлдір Оңдасынова, Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту архивтер басқармасы басшысының орынбасары :
«3-4 шілдеден бастап қаламыздағы үлкен сауда орталықтарында, “Алаш”, “Қырғы” базарларында және теміржол вокзалында домбырашылар шеруін өткіздік. Онда біздің домбырашылар дәстүрлі әндер мен күйлерді орындады. Ал бүгін таңнан бастап қаланың барлық транспорттарында және сауда орталықтарында күйлеріміз бен дәстүрлі әндеріміз орындалды»

Қазақстанда ұлттық домбыра күні 2018 жылдан бастап тойланып келеді. Домбыра – Ұлттық кодымыздың айнымас бөлігі. Сол ұлттық кодымызды қайта жаңғыртуға бағытталған айтулы мерекенің әр қазақ баласына берері мол екені айтпаса да белгілі.