Жаңа оқу жылының басталуына аз уақыт қалды. Тамыз айында ата-аналар балаларын мектепке дайындап, оларға ең қажетті мектеп формасы мен оқу құралдарын сатып алады. Осы орайда, көптеген ата-ана мектеп формасын сапалы және қолжетімді бағада сатып алғысы келеді.
Ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап Сайрам ауданы орталығында орналасқан «Алтын адам» тігін фабрикасы мектеп балалары үшін мектеп формасы тігіп шығаруда. «Golden Nomad» пен «Алтын адам» киім бренді Қазақстанның өзге өңірлерінде жақсы танылған.
Ауданда 2013 жылдан бастап тігін фабрика іске қосылған. Бастапқыда классикалық үлгідегі ерлер киімі тігіліп, тікелей тапсырыстар алынып, өнімдері Шымкент қаласындағы және өзге өңірлердегі дүкендерге сатылымға шығарылған. Кейінгі жылдары осы өнімге тапсырыс азайған соң, мектеп формасын тігуге көшкен. 8 жылдан бері бірыңғай мектеп формасына тұрақты тапсырыс берілуде. Жыл сайын 30 мың дана балалардың мектеп киімінен құралған бір жинақ дайындалады. Бұдан бөлек, темір жол, қорғаныс істері қызметкерлері үшін арнайы жұмыс киімдерін дайындауға тапсырыс алынып, қазіргі таңда тігу жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, аса жұқпалы коронавирус аурулары кезінде 30 мың данадан артық бетперде тігіліп шығарылған.
Дайын өнімдері Республика аумағында, оның ішінде Астана қаласындағы екі дүкенге және жыл сайын өтетін жәрмеңкелерге қатысып, сатылымға шығарылып отырады. Өнімдерінің сапасы, киюге ыңғайлылығы, мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтау мәселелері ойластырылған.
Аталған фабрика елімізде теңдесі жоқ, қажетті заманауи үлгідегі Түркия, Жапония және Қытай елінен автоматтандырылған құрал-жабдықтармен жабдықталған.
Фабрика басшысы Халмұратова Балжан Оразәліқызының берген мәліметінше, биыл Алматы облысына қарасты 4 мектеппен келісімшарт түзіліп, 10 мың дана мектеп формасын дайындап шығаруға тапсырыс алынған.
Мектеп формасының ұл және қыз балалар үшін бір жинағы 14500 теңге құрап тұр. Оның ішінде жейде 3000, костюм 5500, шалбар 4500, жилет 3500, белдемше 3000 теңге көлеміндегі бағада сатылуда.
Дайын тауар өнімдерін шығару үшін жалпы 3 ай мерзім көлемінде уақыт алады. Тапсырыс берушілерлермен келіссөздер жасалған соң, қажетті маталарды таңдап, сатып алуға 2 ай, сонан соң киімдерді пішіп, тігу үшін 1 ай уақыт жұмсалатыны ескертіледі. Маталар Түркия, Қытай елдерінен және Алматы қаласынан келісімшартпен сатып алынады. Яғни, шетелдің шикізатынан мата мен жібі қолданылады.
Фабрикада қалған дайын өнімдер де тұрғындардың сұранысына сәйкес, ұсынылып отырады.
Фабрика 1 ауысымда, таңертең 9.00-ден кешкі 18.00-ге дейінгі уақыт аралығында жұмыс істейді. Серіктестікке 70-80 жұмысшы қамтылған. Алдағы уақытта тапсырыс көбеюіне қарай 200-ге жуық адам жұмысқа тартылуы мүмкін.