Биыл Шымкентте 132 көше жарықтандырылады

38

Бүгінде қала көшелерін жарықтандыру жұмысы қарқынды түрде жүзеге асуда. Мысалы жыл басында 102 көшеге жарық жүргізу жоспарланса, жылдың соңына дейін артығымен тағы 30 көше жарықтандырылмақ. Былтыр бұл көрсеткіш 104 көшеден 136 көшеге жеткізілді. Жекешелік әлеуметтік әріптестік аясында 3 жылда 312 көше жарықтандырылмақ.

«Достық» шағынауданының мектеп орналасқан негізгі көшелерінің бірі жарықтандырылуда. Басымдық мектептер мен аялдамалар бар көшелерге берілген. Конкурста жеңіске жеткен компания мамандарының жұмысқа кіріскеніне бір жеті болыпты. Құрылыс барысында замануи бағаналарды орнықтыру мақсатында іргетасы қаланып,қазір оны бекіту жұмыстары жүргізілуде. Жоспар бойынша шамдар кешке іске қосылады.

Шымкент қаласында 747 көшенің 324 жарықтандырылған. Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының мәліметі бойынша 2020 жылға дейін шахарда 220 ғана көше жарықтандырылған, бұл жалпы қала аумағындағы көшелердің 30 пайызы. Мамандардың сөзінше, мәселе жекешелік әлеуметтік әріптестік аясында инвесторларды тарту арқылы шешілуде.

Шайхислам Кемелхан, Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бас маманы: «Ивестор 3 жылда 312 көшені жарықтанру міндетін алды. 7 жылда біз инвесторға жұмсаған ақшасын қайтарамыз».

Жарықтандыру бойынша ағымдағы жылы шахар аумағында 40 көшеде жұмыстар жүрігізіліп, әзірге 16-ы іске қосылды. Шамдарды жағу, сөндіру, ақау орын алса жөндеу жұмыстарын үйлестіру қаладағы диспетчерлік қызметіне жүктелген. Жарықтандырылған көшелерде орнатылған басқару жәшіктері арқылы жүйеге барлық ақпар түседі. Мекеме қызметкерлері тәулік бойы жұмыс істейді.

Бақдәулет Тасықынбайұлы, Шымкент қалалық орталық диспетчерлік қызметінің диспетчері: «Оқыс оқиғалар, өшу болған жоқ. Ақау орын алса авариялық бригаданы жібереміз, сол мезетте жөнделеді».

«Ақылды қала» жобасы аясында мамырда іске қосылған диспетчерлік қызметі апатты жағдайлардың алдын алуға, көшелерде сөнген шамдарды дер кезінде іске қосуға мүмкіндік береді дейді сала мамандары.Жоспарлары бойынша биыл Шымқаладағы 102 көшенің орнына 132-і жарықтандырылмақ.

Шынар Оразова