Көмірді автокөлікпен шекарадан шығаруға тыйым салынды. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің комитет төрағасы Ілияс Оспанов мәлімдеді.
Биыл болжам бойынша халыққа 7 миллион тонна қатты отын қажет болады. Тапшылық туындамауы үшін өңірге көмір жеткізу жұмысы басталып кетті. Сондай-ақ биыл аймақтағы қажеттілік туралы ақпарат жергілікті атқарушы органдармен қатар теміржолшылардан да алынбақ. Бұл жеткізілуге тиіс көмірдің көлемін дұрыс есептеу үшін керек.
Ілияс Оспанов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіінің комитет төрағасы: «Былтыр шекаралық аймақтарда халыққа арналған арзан көмірді шетелге тасу фактілері тіркелді. Бір ғана Жамбыл облысындағы үш бекет 120 мың тоннаны Қырғызстанға алып өткен. Биыл оның алдын алу үшін шекарадан автокөлікпен көмір алып өтуге тыйым салатын бұйрық шығардық. Бірақ темір жол арқылы тасуға ешқандай шектеу жоқ».