Шымкентте Ұлттық бірыңғай тестілеуден 120 балл жинаған мектеп түлегінің көрсеткішін қабылдау комиссиясы құжатқа 107 деп белгілеп жіберген. Салдарынан, мектепті үздік аяқтаған қыз ешбір оқу орнына грантқа түсе алмай қалған. Бойжеткеннің анасы қызының білім көрсеткіші жетсе де, грантқа қолы жетпеді деп күйініп отыр. Ал қабылдау комиссиясындағылар сертификат ауысып кеткенін айтады.
Білім ордасын үздік аяқтаған шымкенттік Жасмин Тастанның анасы екі күннен бері қызы үшін шырылдап жүр. Ол Ұлттық біріңғай тестілеуде 120 балл жинаған қызы білім грантына қол жеткізе алмады деп күйінеді. Себебі құжат қабылдаған жоғары оқу орны бойжеткен жинаған 120 баллдың орнына 107 деп белгілеп жіберіпті.
Нұргүл Пердебаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мен қызыма кішкентайынан айтып отырғам: «Қызым, оқы! Қалып кетесің. Қызым, оқы!» деп. Түнгі сағат 4-5-ке дейін оқитын. 4 жылдан бері дайындалып бас көтермей келе жатқан қызым менің. Қателестік, техникалық қателік. Ол өзінің қателігі. Құжат қабылдап алатын осы жердің қызметкері 120-ның орнына 107 баллдың ТЖК нөмірін салып отыр. Содан менің қызым… Кеше біз грантты қалай күттік. Соның барлығының бір жерден шықпай қалды. Шындығына келгенде менің қызым СДУ-дың халықаралық қатынастарына өтіп тұр. Екінші таңдаған СДУ-дың шет тілі мұғалімдігіне түсіп тұр».
Түлек құжатын қабылдаған Мұхтар Әуезов атындағы ОҚУ өкілдері мұны ешкім әдейі жасаған жоқ дейді. Сөздерінше, қате жіберген қабылдау комиссиясының маманы тек сөгіс алумен құтылған.
Мұрат Айтөре, М.Әуезов атындағы ОҚУ қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы:
«Тек сол жерде сертификаттың ауысып кеткені болып тұр. Бұл бойынша біз енді түсініктеме бердік министрлікке. Ол бойынша хат жібердік. Қазір оны министр қарауда. Ол кісіге 120 балл алған сертификат ескеріліп, грант берілуі қарастырылуда».
Көп ұзамай Ғылым және жоғары білім министрлігінің жауабы да белгілі болды. Министрдің кеңесшісі кеткен қателік үшін кешірім сұрап, талапкер Жасмин Тастанның Сүлеймен Демирел атындағы университетке грант негізінде оқуға түскенін және оның жатақханамен қамтылатынын хабарлады.
Гүлдана Дәурен