Шымкентте қайтарымсыз грантқа өтінім қабылдау 20 қазаннан басталады. Бұл бизнесін өркендетіп, нәпақа табамын деген тұрғындар үшін үлкен мүмкіндік. Ол үшін мансап орталықтары немесе ХҚКО-дағы өз-өзіне қызмет көрсету аймақтары арқылы да рәсімдеуге болады. Десе де, қайтарымсыз грантты белгілі бір санаттағы азаматтар ала алады.
Негина Каримова жалғыз басты ана. Ол кәмелет жасына толмаған үш баланы асырап отыр. Бес жылдан бері атаулы әлеуметтік көмек алып келеді. Бұл жолы, қайтарымсыз грант алсам, деген ниетпен орталыққа арнайы келген. Жалдамалы жұмысшы болып істейтін ана, алдағы уақытта өз кәсібін ашуды жоспарлап отыр.
Негина Каримова: «Жұмыспен қамту орталығына келдім қазір. Өзіме қажетті ақпаратты білдім. Мен жалғызбасты анамын. АСП алушыларданмын. Осыған қатыса аламын ба, алмаймын ба деп ойладым. Менің статусым келеді екен».
Қайтарымсыз грантқа өтінім Business.enbek.kz порталы арқылы қабыладанады. Сіз өз бизнес идеяңызды реттеп, жан-жақты дамытып, электронды цифрлы қолтаңба арқылы өтінім бере аласыз. Ескере кету керек, өтінім келесі санаттағы азаматтардан қабылданады. Мәселен, жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылдан аспауы тиіс). Сонымен қатар, үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың біріне жатуы тиіс:
Мүгедектігі бар жандар;
Көпбалалы немесе аз қамтылған отбасылардың мүшелері;
«Кандас» мәртебесі бар азаматтар;
Мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналар;
Асыраушысынан айырылғандар;
Өңіраралық қоныс аударушылар.
Гүлвира Даужанова, Еңбек мобильділігі орталығының бөлім басшысы: «Биыл 2025 жылы қайтарымсыз негізде берілетін грантқа 426 азаматқа беру жоспарланған. Бірінші, екінші лектер бойынша 333 азаматқа бердік. 20 қазан мен 3 қараша аралығында қабылданатын грантқа үшінші лек бойынша қабылданады. Өтінімдер қабылданған соң, коммисия қарауына жолданады. «Бастау Бизнес» жобасы аясында соңғы 3 жылда кәсіпкерлік негіздері бойынша оқып, сертификат алғаны жөнінде құжаты болуы тиіс. Грант бір ақ рет беріледі».
Комиссия шешімі порталдағы үміткердің жеке кабинетіне жолданады. Қолдау тапқан жағдайда келісімшарт жасалып, қаражат аударылады. Грант иегері қаражаттың мақсатты жұмсалуы туралы электронды түрде тоқсан сайын есеп беріп отыруы тиіс.
Нұргүл Жолымбетова







