Биыл Түлкібас ауданында астық өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп жиналды. Қазіргі таңда аудан аумағында астық ору науқаны қызу жүріп жатыр. Егіс алқабын суару бойынша да мәселе жоқ. Аудандағы егін даласын облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аралап, диқандардың жұмысымен танысып қайтты.
Түлкібас ауданы Жаскешу ауылындағы «Жер Ана» шаруа қожалығында қазіргі уақытта бидай, арпа және жоңышқа өсіріліп жатыр. Егіс алқабының жалпы аумағы – 420 гектар. Оның 200 гектарына бидай егілсе, 100 га арпа мен жоңышқа өсірілген.
Жалпы шаруашылықта 25 адам жұмыспен қамтылған. Бүгінгі таңда алқапта астық жинау науқаны басталды. Шаруалар биылғы бидай түсімі өткен жылға қарағанда 2 есе жоғары екенін айтады. Бұл — биыл аудан тұрғындары нанмен толық қамтамасыз етіледі деген сөз.
«Гектарымыз көбейіп жатыр, сол себептен бізге жанар-жағар майдан жәрдем беріңіздер деп, 4,5 тонна көмек берді министр. Сонымен осы ауданға 900 тонна көбірек беріп жатырмыз».
Былтыр облыс аумағындағы аудандар бойынша 11 центнерге жуық астық жиналса, биыл оның көлемін 20 центнерге жеткізу көзделіп отыр.
Тұрғанбек Оспанов, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы: «Былтыр Түлкібас ауданында 13 центнерден алатын болсақ, биыл 22 центнер аламыз деген жоспарымыз бар».
Айта кетейік Түркістан облысында биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 859,9 мың гектарға орналастырылып, дала жұмыстары толығымен аяқталған. Жалпы егіс көлемі өткен жылдан 14,4 мың гектарға ұлғайып отыр.
Өңір басшысы жұмыс сапары барысында Тұрар Рысқұлов ауылында инженерлік-инфрақұрылым жүйелерін жүргізу жұмысымен де танысып қайтты.
Марат Жанесен, Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары: «22 мың халық тұрады. Қазір бізде 2,5 мыңнан астам адам кезекте тұр. Сол кісілерге бөліп береміз. Барлық инфрақұрлымы жасалып жатыр, қазір электр желісіне конкурс өтіп жатыр. 179 млн қаржы қарастырылған».
Облыс әкімі туындаған мәселелер бойынша жауаптыларға тиісті тапсырма беріп, құрылыс барысын әрдайым қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Гүлдана Дәурен