Түркістан облысында 2022 жылдың басынан бүгінгі күнге дейін тағамдық токсикалық инфекцияға шалдығудың 2 жағдайы тіркеліп, жалпы 15 адам зардап шеккен. Тамақтан уланудың біреуі үй жағдайында орын алса, екіншісі Кентау қаласындағы қоғамдық тамақтану орындарының біріне қатысты.
Кентаулық 8 азаматтың орталық ауруханаға жатқызылғандығы туралы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына шұғыл хабарлама келгеннен кейінгі зерделеу жұмыстары нәтижесінде, тамақтан уланған 3 адамның Кентау қаласындағы фаст-фуд әзірлеумен айналысатын дәмханадан суши, пицца , тауық етінен лаваш, чикен жеген. Тағы 5 азаматтың дәл сол орыннан тапсырыс арқылы пицца, чикен тағамдарын тұтынып, жедел ішек жұқпасы диагнозымен ауырғаны белгілі болды.
ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті адам денсаулығына қауіп төндірген тамақтану орнына қатысты тексеру жүргізу бойынша шаралар қабылдады. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі кәсіпкерлік нысанды тексеру барысында ғимаратқа эпидемиялық мәні жоғары объектінің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысының алынбағандығы, өнімдердің қауіпсіздігін куәландыратын құжаттардың болмауы, ірімшік және шұжық өнімдерінің жарамдылық мерзімдерінің өтіп кеткендігі, қызметкерлердің мерзімдік және профилактикалық медициналық қарап тексеруден өтпеуі, жұмысқа рұқсаттарының болмауы сынды т.б кемшіліктер анықтады.
Дәмхана иесі, жеке кәсіпкерге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабының 1-тармағына сәйкес 230 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, аталған нысанға санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алмай жұмыс жасағаны үшін аталған Кодекстің 463 бабы 1-тармағына сәйкес хаттама толтырылып, іс-құжаттары сотқа жолданды.
Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті облыстағы қоғамдық тамақтану орындарына, кәсіпкерлік нысан иелеріне санитариялық талаптарды сақтауға, адам өміріне қауіп төндіретін жағдайлардың алдын-алуға шақырады.