Шардара әкімінің қабылдауына тек ересектер ғана емес, балалар да жазыла алады. Аймақ басшысының айтуынша, мұндай тәсіл тек ата-ананың ғана емес, балалардың да пікірі маңызды екенін көрсетіп, олардың еркін өсуіне көмектеседі. Қала әкімі Олжас Айдаров мамыр айында халықтың басым бөлігі дауыс беруі арқылы сайланған. Ал жаңа әкімнің атқарған жұмысымен телеарна тілшісі танысып қайтты.
Олжас Айдаров — Шардара қаласының әкімі. Жасы 35-те. Ол бірнеше жыл кішігірім ауылдың басшысы болып қызмет атқарды. Кейін Шардара қаласының әкімі болуға бел буған. Жас болса да халық арасында тиянақтылығымен көзге түсіп, сайлауда жеңіп шықты. Қазір ол ел сенімін ақтап, барлық тұрғындар өтінішін қараусыз қалдырмауға тырысады.
Олжас Айдаров, Шардара қаласының әкімі: «Негізі әкім қабылдауы заңды түрде бейсенді күні бекітілген. Сағат таңғы 9:00-дан 13:00-ге дейін қабылдаймын. Бірақ келген адамды бейсенбіге қалдырмаймын. Кез келген уақытта Шардара қаласының тұрғындарына есігім ашық».
Шардарда шешімін таппаған мәселелер көп. Оның ішінде газ орнату мен қаланы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары да бар. Шенеуніктер мұның бәрі жақын арада шешіледі деп уәдесін беріп отыр. Ал халық жас басшыға сенеді, бірақ тұрғындар сабырдың да шегі бар екенін еске салды.
Шардаралық әкімдіктің бір ерекшелігі, оның қабылдауына балалар да жазыла алады. Олар көбіне бос уақытын тиімді өткізуге арналған спорт алаңдары мен үйірмелері жайында проблемасын көтереді. Жасөспірімдер ересектерге қарағанда мәселелі ақпаратты тез байқап, құзырлы орындарға жеткізетін көрінеді.
Олжас Айдаров, Шардара қаласының әкімі: «Мен жастарға баса назар аударамын. Олар қабылдауыма келгенде, ешкімді қатысуынсыз жеке отырып сөйлесемін. Жастармен жақынырақ сөйлессең ашылады. Барлық мәселесін айтып береді. қазіргі таңда жастардың патриоттық сезімін ашумен айналысып жатырмын«.
Шардардағы түсірілім кезінде қаланың бірнеше тұрғынынан сұхбат алдық. Олардан сұраған негізді сұрағымыз жас әкімнің жұмысты қалай атқаратыны еді. Барлығы да қала басшысының жұмысына дән риза екенін жеткізді. Сонымен қатар жаңа басшының әлі алда талай мәселелерін шешетініне ел сенеді.