Жетісайда ломбардқа шабуыл жасалып, 1,2 млн теңге қолды болған. Қарулы шабуыл бейнекамераға түсіп қалған. Кешкі уақытта басына жаздық бас киім мен бетіне медициналық бетперде таққан белгісіз азамат ломбард қызметкерін қарумен қорқытып, ақша талап еткен.
Бейнебақылау камераларының арқасында күдіктінің жеке басы анықталып, ол тұрғылықты мекенжайында қолға түскен. Мәлім болғанындай, күдікті жұмыссыз жергілікті тұрғын болып шықты. Сезіктінің сөзінше, ол мұндай іс-әрекетке қаражатқа мұқтаждығынан барған.
Гүлнар Абдужаппарова, Түркістан облысы ПД баспасөз хатшысы: «Анықталғандай, күдікті тонау әрекетіне бармас алдын қаладағы бірқатар ломбардтарды бақылап шыққан. Содан жәбірленуші тараптың ломбарды кешкі дейін істейтіндігін біліп, аталмыш алтын қабылдау орнын тонауды діттеген. Барынша қараңғы түскенін пайдаланып, өз арам ойын жүзеге асырған. Сезікті өз сөзінде бұл әрекетке ақша қажет болғандықтан барғанын жеткізді. Ал айғақты зат ретінде күдіктінің пневматикалық тапаншасы алынды. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 191-бабы (Тонау) бойынша тіркелді. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, оған қатысты тергеу амалдары жүргізілуде».