Úı ANONS «Жол — көлік оқиғасы емес, қарулы шабуыл»

«Жол — көлік оқиғасы емес, қарулы шабуыл»

Шымкентте көшенің қақ ортасында болған жанжалға қатысты тағы 3 күдікті ұсталғаны мәлім болды. Адвокат Талғат Есімовтің айтуынша, бұл қатардағы қылмыс емес, арнайы дайындықпен жасалған қарулы шабуыл. Осылай деген қорғаушы соттың ашық өтуін талап етіп отыр. 

«Қатардағы жөл-көлік оқиғасы емес, кәдімгі мұқият ұйымдастырылған қарулы шабуыл». Шымкент көшелерінің бірінде болған қанды оқиғаға қатысты желіде пікір білдірген қорғаушы Талғат Есімов, оқиға туралы бірқатар деректерді айтып,  тағы үш күдікті ұсталғанын жеткізді. Оны қалалық полиция департаменті растады. Күдіктілерден бөлек бұған дейін 4 адам қамауға алынған еді. Олардың үстінен  Қылмыстық кодекстің  «Адам өлтіру», «Бұзақылық» және «Адамды ұрлау» бабымен іс қозғалған.

Марқұмның қорғаушысы Талғат Есімовтің хабарлауынша, 3 күдікті Түлкібас ауданында жасырынған. Оның пікірінше, бұл жәй ғана жол-көлік оқиғасы емес, арнайы дайындықпен жасалған қарулы шабуыл. Марқұмды әуелі  жарақаттаған, сосын күштеп ұрлап әкетіп, өлтірген. Шабуыл кезінде пышақпен бірге қару да қолданылғаны байқалған. Көп өтпей жәбірленушінің қол-аяғы сынған денесі Ордабасы ауданынан табылған.

ТАЛҒАТ ЕСІМОВ, АДВОКАТ: «Меніңше, күдіктілердің дөрекі әрекеті қазіргі қоғамға, президенттің заң және тәртіп ұстанымына жасалған ескерту іспетті. Сондықтан ашық сот болғанын сұраймыз. Біздің ұстанымымыз, өмір бойына бас бостандығынан айыру. Мұндай қауіпті адамдарға қоғамда орын жоқ. Бәрі жанжал жол-көлік оқиғасынан басталды деп жазып жатыр. Жоқ, жол-көлік оқиғасы  сылтау ғана. Мақсат Василий Колесниковті ұрлап, өлтіру болған».

Есімовтің айтуынша, күдіктілер полицияның салғырттығын тиімді пайдаланған. Сондықтан да бұл оқиғада олардың да жауапкершілігі бар. Ал оқиға кезінде жарақат алып, ауыр жағдайда ауруханаға түскен екінші жәбірленуші жан сақтау бөлімінен шығарылған.

«Науқастың жағдайы орташа, тұрақты. Барлық көрсеткіштері қалыпқа келді. Жансақтау бөлімінен хирургия бөліміне ауыстырылды. Емдеу хаттамасына сәйкес барлық қажетті ем қабылдап жатыр»
ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ

Айта кетейік, оқиға 20 қаңтар күні Ерімбетов көшесі мен Қ. Рысқұлов көшесінің қиылысында болған. Жанжалға бірнеше адам қатысқан. Олардың кейбірі бетін бүркеп алған, суық қару қолданған. Бірі пышағын емін-еркін оңды-солды сермеген, жерге құлаған адамдарды аяусыз тепкілегені де бар. Мұның бәрін ары-бері өтіп жатқан тұрғындар видеоға түсірген. Онысы әлеуметтік желіде лезде тарап, қызу талқыланған болатын.

Дәл сол күні Шымкентте қалалық полиция департаментінің басшысы мен бірінші орынбасары және бірнеше лауазымды қызметкер жұмыстан босатылған еді.  Олар өз үйінің  маңындағы жаяу жүргіншілер жолында кісі қолынан қайтыс болған 21 жастағы Нұрай Серікбайдың ісі бойынша жазаланған.

Дилара Иса