Шымкентте ардагерлер арасында халықаралық турнир өтті

136

Шымкентте ардагерлер арасында волейболдан халықаралық турнир өтті. Байрақты бәсекеде Қырғызстан, Өзбекстан және еліміздің түкпір-түкпірінен келген спортшылар бақ сынады. Жалпы сайыс «Су ресурстары маркетинг» ЖШС-нің бас директоры Анарбек Орманның 70 жылдық мерейтойына арналды.

Үшінші мегаполисте ардагерлер арасында волейбол ұйымдастырылды. Халықаралық турнир қатысушыларының басым бөлігі, алпысты алқымдаған ардагер спортшылар. Сайыстың мақсаты да осы-спорт жас талғамайтынын дәлелдеу. Жалпы ауқымды шара Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен «Су ресурстары маркетинг» ЖШС бас директоры Анарбек Орманның 70 жылдық мерей тойына орай өткізілді.

Анарбек Орман, «Су ресурстары маркетинг» ЖШС -нің бас директоры: «Құрметті, спорт шеберлері. Егер спортқа мән беретін болсақ, өркендеген елдерде спорттың арқасында орта өмір сүру жасы 80-нен кем болмайды екен. Сол үшін біз осы балалардан бастап, 100-ге келген шалға дейін спортпен айналысуымыз керек».

Мегаполисте өткен волейбол жарысына арнайы Қырғызстан, Өзбекстан және еліміздің түкпір-түкпірінен келген спорт шеберлері қатысты. Көрші өзбек елінен келген Бахром Юлдашевтің сөзінше турнир өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған.

Бахром Юлдашев, Өзбекстан Республикасының тұрғыны: «Бүгінгі сайыс өте керемет ұйымдастырылыпты. Ұйымдастырушылар бізді жақсы қарсы алды. Біз мұндай үлкен шараның бауырлас көрші елде өтіп жатқанына қуаныштымыз. Ойын да тартысты өтуде. Барлық команданың дайындығы мықты екені көрініп тұр. Жалпы ардагерлердің спортпен айналысуы, жастарға мотивация болады. Сондықтан мұндай шаралар жиі ұйымдастырылып отырса екен».

Ойынды «Жетісу» командасы мен мерейтойы иесі Анарбек Орманның командасы «Су ресурстары маркетинг» ЖШС бастады. Турнирдің алғашқы сайысы өте тартысты өтті.

Анарбек Орман, «Су ресурстары маркетинг» ЖШС-нің бас директоры: «Ойын өте қызық өтіп жатыр. Керемет. Спорт шеберлерінің керемет, энергиямен жеңіске ұмтылып жатыр. Біз қазір міне, бұрынғы Алматы облысы, Талдықорғаннан келген командамен ойнадық. Екі ойын болды, өте қызық болды. Жеңіске жеттік».

Ал ақтық мәреде спортшылар бар күшін салды. Жеңіс тұғырынан елордалық «Атамекен агро» командасы көрінді. Екінші орын шымкенттік «Су ресурстары маркетинг» ЖШС-не бұйырса, үшінші орынды Өзбекстан командасы қанжығасына байлады.

Турнирде тек ерлер ғана емес, әйелдер командасы да бақ сынады. Сайыс қорытындысы бойынша, нәзік жандылар арасында өткен бәсекеде Ташкент командасы топ жарды. Ал «Байқоңыр» екінші орынды қанжығасына байласа, «Су ресурстары маркетингі» ЖШС-і қола медаль иеленді. Айта кетейік, халықаралық сайысқа 12 ерлер командасы мен 4 әйелдер командасы қатысты.

                                                                                                Мөлдір Ибадуллаева