Шымкент төріндегі бұл сында отандық спортшылармен бірге Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген сайыпқырандар бақ сынасуда. Семсерлесу — тек білекке емес, ақылға да сүйенетін спорт. Мұнда жоғары физикалық дайындықпен қатар, ішкі байсалдылық, қимыл үйлесімділігі мен қас-қағым сәтте шешім қабылдайтын реакцияның маңызы зор.
АЛТЫН ЕРАЛАНҚЫЗЫ, СПОРТШЫ: «Семсерлесумен айналысқаныма бес жылдай болды. Бүгін шпага түрінен күш сынасып жатырмыз. Топтық кезеңде екі кездесуімді жеңіспен аяқтадым. Мен үшін бұл — аса жауапты спорт. Алғашқы жаттығу айларында немесе алғашқы жеңілістен кейін сағың сынып, спорттан суып кетпеу үшін ішкі төзімділік өте қажет. Өйткені кейбір спортшылар мұндай қиындықтарға шыдамай, жол ортадан қайтып жатады. Негізі бұл өнер адамның көру қабілетін жақсартып, мінезін шыңдайды, байсалдылық пен ұстамдылыққа үйретеді. Алдағы уақытта ұлттық құрамаға еніп, Әлем чемпионаты мен Олимпиадада топ жарып, елім мен туған қаламның мерейін үстем етсем деймін».
Дүбірлі додаға барлығы 60 спортшы қатысуда. Олар сайыстың үш түрі — сабля, рапира және шпага бойынша шеберлік байқасады. Қазіргі таңда қазақ жастары арасында бұл спортқа деген қызығушылық артып, соған байланысты жарыстар күнтізбесі де жиілей түскен.
ЮРИЙ БЕДАРЕВ, БАС ТӨРЕШІ: «Елімізде семсерлесу спорты қарқынды дамып келеді. Олимпиада ойындарына жолдама алған шәкірттеріміз бар, соның бірі — біздің өңірден шыққан Эльмир Әлімжанов. Шымкент қалалық басқармасына алғыс айтамыз, қазір бізге үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Жақында ғана балаларға халықаралық деңгейдегі жарыстарға қажетті барлық жабдықтар — арнайы спорттық киімдер мен толық амуниция табысталды.Қазір мұнда әр өңірден келген спортшылардың әлеуетін бағамдап жатырмыз. Бапкерлер өз шәкірттерін сынап, алдағы республикалық чемпионаттар мен Қазақстан Республикасының Кубогіне команда жасақтайды. Осы жарыстардың қорытындысы бойынша ұлттық құраманың құрамы нақтыланады».
Естеріңізге сала кетейік, Париж Олимпиадасында семсерлесуден Қазақстан құрамасы әлемдегі ең үздік алты команданың қатарына енді. Бұдан бөлек, отандық спортшыларымыз Әлем кубогі кезеңдері мен Гран-при сериясындағы халықаралық турнирлерде бірнеше мәрте жүлдегер атанды.
Ботакөз Әнуар






