Úı ANONS Шымкентте мәнерлеп сырғанаудан халықаралық турнир басталды

Шымкентте мәнерлеп сырғанаудан халықаралық турнир басталды

Мұз айдынында әсемдік пен жылдамдық тоғысты. Шымкентте өткен халықаралық турнир ең үздік мәнерлеп сырғанаушылардың басын қосып, көрерменге нағыз мереке сыйлады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, отандасымыздың Олимпиада ойындарындағы жеңісінен кейін бұл спортқа қызығушылар қатары тіпті артқан. Мәнерлеп сырғанаудың тартымдылығы неде?

 

Шымкенттегі мұз аренасы  бәсеке алаңына айналды. Бұл тек шеберлік байқауы емес, нағыз мінездер додасы. Мұздағы жеңіл сырғанаудың артында жылдар бойғы қажырлы жаттығу, ал жарқын күлкі мен сахналық бейненің тасасында балаға тән емес үлкен толқыныс пен жауапкершілік жатыр. Халықаралық турнирге еліміздің әр өңірінен 300-ге жуық спортшы жиналды. Олардың барлығын осы спортқа деген сүйіспеншілік пен үздік болуға деген талпыныс біріктіріп отыр.

 

7 жастағы  Оливия Алаярованың айтуынша, бұл спорт, тән мен музыканың үндескен сәті. Алматыдан келген жас спортшы өзінің әсерлі нөмірімен көрерменді баурап алды. Төрешілер де оның өнерін жоғары бағалады. Оливияның мұзға келгеніне көп уақыт бола қоймаса да, қазіргі жетістігі — ұзақ дайындықтың нәтижесі.

 

Турнирде Шымкент намысын 70 мәнерлеп сырғанаушы қорғап жатыр. Бұл олар үшін тек жүлделі орын емес, сонымен қатар халықаралық аренада бой көрсетіп, тәжірибе жинауға зор мүмкіндік.

 

«SKATE SHYMKENT – 2026» турнирін жылдың ең жарқын спорттық шараларының бірі деуге болады. Ол тек мықтыларды біріктіріп қоймай, жас буынға рух беріп, мұздың суық бетінде нағыз спорттың ыстық жалыны жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Ботакөз Әнуар