“Қазыналы қарттарым”: Еңбекші ауданы ардагерлеріне құрмет көрсетілді

182

Еңбекші ауданында қарттар күніне орай “Қазыналы қарттарым” атты мерекелік кеш өтті. Шараға ауданға еңбегі сіңген ардагерлер мен зейнеткерлер, қоғам белсенділері шақырылды. Салтанатты жиында ардагерлерге арнап қалалық өнерпаздар ән мен биден шашу шашты.

8 бала 29 немере сүйіп отырған Сәуле Тасыбекова 40 жыл бойы ұстаз болып қызмет еткен. Саналы ғұмырын балаларды білім нәрімен сусындатуға арнаған ардагер ұстаз қазір аудандағы әжелер алқасының мүшесі. Ол бүгінгі іс — шараға талай жылғы еңбегі ескеріліп құрметті қонақ ретінде шақырылған.

Сәуле Тасыбекова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Қанша жылдан бері осы Еңбекші ауданында әжелердің құрамындамын. Осы іс-шараны ұйымдастырғандарға алғысымды айтамын. Керемет кеш болды. Осы күнге жеткенімізге шүкір дейміз. Еліміз аман, халқымыз тыныш болсын».

Еңбекші ауданында 25 мың зейнеткер тұрады. Олардың арасында ел дамуына қосқан үлесі мол, қоғамның белді мүшелері өте көп.

 Зұлпыхар Жайшыбеков, Еңбекші аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: «Еңбекші аудандық ардагерлерін, зейнеткерлерімізді жинап іс-шара өткізіп жатырмыз. Ауданға қарасты ардагерлеріміздің әлеуметтік жағдайын ескеріп, мерекелік шаралар өткізіп тұрамыз. Ардагерлер кеңесі зейнеткерлерге тек мерекесінде ғана емес, Наурыз мерекесі, әйел-аналар күнінде мерекелік дастархан жайып, демеушілер мен әкімдік тарапынан бағалы сыйлықтар беріп тұрамыз».

Қазыналы қарияларды құрмет тұтып, төрден орын берген бұл шара 15 жылдан бері тұрақты түрде өтіп келеді. Мерекелік кештің басы қасында болып, демеушілік еткен мәслихат депутаты Рәшкүл Оспаналиева қарияларды құрметтеу біздің басты парызымыз дейді.

Рәшкүл Оспаналиева, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты: «Бізден кейінгі ұрпақ ісімізден үлгі алып осы шараны жалғастырса деймін. Себебі қарты бар ел, қазыналы ел деп бекер айтпаған. Қашан да ардагерлерімізді құрметтеп, сыйлап олардың айтқан үлгілі сөздерін ойымызда тоқуымыз тиіс. Оларды келесі ұрпаққа жеткізуіміз керек».

Мемлекет басшысы халықтың хал-ахуалын көтеру туралы тапсырмасына сай Шымқалада игілікті істер атқарылуда.

Шара барысында қалалық өнерлі жастар ардагерлерге деген құрмет-ілтипатын әсем әнмен білдіріп, мерекенің көркін қыздырды.