Құрылыс алаңында мерт болған жігіттің туыстары әділ тергеуді талап етеді

68

Шымкентте жұмыс жүргізіліп жатқан құрылыс алаңында 22 жастағы құрылысшы мерт болды. 2000 жылғы бозбала құрылысшы болып істеген. Куәгерлердің сөзінше, оның басына шамамен 6 метрлік ағаш құлап кеткен. Тілге келмей, қайтыс болған марқұмның туыстары кінәлілерді жауапқа тартуды талап етіп отыр.

Ұлжалғас Шойбекова 16 қазан күні құрылыс алаңында басына ағаш құлап, мерт болған немересін жоқтап отыр. Баламызды үйлендіріп, үлкен тойына куә боламыз дегенде, айырылып қалдық деп зар жылаған ана құрылысты жүргізіп отырған компания басшыларынан жауапкершілікті мойнына алуды талап етеді. Марқұмның туыстары, 22 жастағы жігіт қайтыс болғаннан кейін, жауаптылардың мәйітті көлікке салып сыртқа шығаруға тырысқанын айтады. Сондай-ақ, сөздерінше құрылыс алаңында қауіпсіздік ережесі сақталмаған.

Ұлжалғас Шойбекова, марқұмның әжесі: «Құлынымының қызығын көремін, тойын көремін деп отырған уақытта мынандай жағдайға ұшырадық қой! Не деген масқара мынау?! Мақұл объектіні алсын, басшы болсын, бірақ аяқсыз қалдырмасын мұны! Жауапшылық болу керек қой! Жылап тұрсам да келдім. Ана жерде ешқандай жағдай болмаған. Тор қою керек екен алдына, құлаған нәрселерді ұстап қалатын, ондай ешнәрсе болмаған».

Бекболат Шойбеков, марқұмның ағасы: «Осы жерде «Сити строй» ма, жұмысшы болып істейді. Астына түсіп, бір-екі жігітке көмектесуге құм салуға келген, төбеден 6 метрлік ағаш түседі ғой басына. Басына түсіп, видеосы да бар ана бала жерге кіріп кетеді. Сол кезде осы объектінің жауаптылары қайтыс болып кеткен адамды алады да машинаға салып, сыртқа шығарады. 5-6 км жүргеннен кейін бірінші кездескен жедел жәрдемге салады мәйітті. Не үшін? Өйткені мына құрылыстың ішінен мүрде шықпау керек. Мәйіт сыртта болды, мына жақта бәрі таза болуы керек».

Бейнебақылау камераларында 22 жастағы Дінмұхамед Қалдыгөздің басына ағаш бөрене құлағаны көрінген. Ер адам алған жарақаттарынан сол жерде тілге келмей, қайтыс болған. Ал камераның жазбасын марқұмның туыстары жариялады. Қайғылы оқиға Тұран-2 шағынауданында салынып жатқан 12 қабаттық тұрғын үй ғимаратының жанында болған. Ал қаза болған бозбала сол жерде құрылысшы болып жұмыс істеген. Жұмысшылардың бірі оқиғаның қас-қағым сәтте болғанын айтады.

Дәурен Қойшыбаев, жұмысшы: «Біз агрегатқа құм тастап жатқанбыз, өзіміздің жұмысымызды істеп, 3 адам болып істеп жаттық. Ол арқамызда тұрған, екі бала салып жатқанбыз. Сағат 5-6-ларда ғой. Арқамыздан гүрс ете қалды ғой бірнәрсе. Қарасақ, құлап жатыр ғой. Тұрғыза алмадық, Димаш, Димаш дедік. Осы жерде кетті ғой. Жедел жәрдемге хабарластық. Келе жатыр, күтіп алыңдар біреуің деді. Мен жүгірдім де кеттім былай қарай».

Салынып жатқан 12 қабатты нысанның құрылысын «Сити — строй» ЖШС корпорциясы жүргізіп жатыр. Алайда, компания иелері оқиғаға байланысты қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Сондықтан құрылыс алаңында қауіпсіздік торы не себепті жүрзілмегенін анықтау мүмкін болмады. Айта кетейік, марқұмның әріптестері оқыс оқиға болған сол күні, жұмыстың басындағы бригадир масаң күйде болған дейді. Ал өзін таныстырудан бас тартқан қызметкер, бәрін жоққа шығарып отыр.

«Мен осы жерде жұмыс жасаймын. Төбеден төменге түстім әжетханаға. Содан келіп  отырғанда, балалар айтты біреудің үстіне ағаш түсіп кетті деді. Сонымен мен келдім, болды. Мен де жұмысшымын осылар сияқты. Балаларға просто жұмысқа барыңдар, мынаны істеңдер деп айтамын. Бұл объем, оны фирма шешеді. Білмеймін енді қалай екенін, бізде демалыс жоқ. Ішіп алды деп жатыр, міне мен ішпеймін. Наркологияға барамын қазір, тексерілемін».

Қазіргі таңда қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Аталған жайт бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жәнібек Тұрлыбаев, Қаратау АПБ бастығының орынбасары: «Аталған фактіні Қаратау ауданының Полиция басқармасы ҚК-тің 277-бабымен “құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу” СДТБТ-не тіркеп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттерін бастады. Қылмыстық іс бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазіргі таңда тергеу әрекеттері жалғасуда».

277-бап бойынша алты жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу басталды. Ал қаза тапқан Дінмұхамед Қалдыгөздің туыстары оқиғаға қатысты тергеудің әділ жүргізілуін талап етіп отыр.