207,7 мыңнан астам халық шоғырланған Шымкент қаласындағы Әл-Фараби ауданы жыл соңына дейін сапалы ауыз сумен, электр энергиясымен және табиғи газбен 100% қамтылады. Ал 2023 жылы кәріз жүйесімен қамту көлемін 91 %-ға ұлғайту көзделген. Бұл туралы аудан әкімі Рашид Мыңбаев шаһар басшысы Мұрат Әйтеновтің аудан тұрғындарымен кезекті есеп беру кездесуінде айтты.
Рашид Мыңбаев, Әл-Фараби ауданының әкімі: “Былтырғы жылы сапалы ауыз сумен қамту бойынша «Сәуле» шағынауданы мен «Асар-2» шағынауданында тиісті жұмыстар жүргіздік. Жыл соңына дейін «Текесу» тұрғыналабында желілік жұмыстарын аяқтап, аудан тұрғындарын толығымен ауыз сумен қамтитын боламыз”.
Сонымен қатар, аудан басшысы«Сәуле» мен «Асар-2» шағын аудандарындағы құрылыс жұмыстары таяуда аяқталып, халық табиғи газ және электр энергиясымен толық қамтамасыз етілетінін айтты. Әрі аудан көлеміндегі бірқатар көшелерде кәріз жүйесі іске қосылады деп жоспарланып отыр.
Мәселен, биылғы жылы “Шолохов” және “Хлопзавод” көшелері бойындағы құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Ал алдағы уақытта «Түркістан», «Ақжайық», «Химфарм» шағын аудандарында кәріз жүйесін жүргізетін 2 жобаның құрылысы басталады.
Сонымен қатар, Әл-Фараби ауданы бойынша 59 жоба халық қатысатын бюджет аясында шешімін тапқан. Атап айтқанда 50 балалар алаңшасы және 9 ашық спорт алаңшасы ел игілігіне берілді. Бұл Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында берген тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатыр.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Былтыр 27 ауланы абаттандырдық, соның 14-ін халық қатысатын бюджетпен жүзеге асырдық. Биыл да құрылыс қарқыны жоғары. Мұның барлығы тұрғындардың атсалысумын атқарылуда».
Жоспарға сай бұл межені 100%-ға жеткізу үшін келесі жылы тағы 32 балалар алаңшасы мен 7 спорт алаңшасының құрылысы жүргізілетін болады.
Тұрғындардың көтерген өзекті мәселелері бойынша тиісті атқарылған жұмыстар атқарылуда. Аталған шағынаудан тұрғындары инфрақұрылым мәселелерін бірнеше рет көтерген болатын. Тұрғындардың өтінішіне құлақ асқан жергілікті билік мәселелерді ретімен шешіп келеді.