Шымкент қаласының басшысы Әл-Фараби ауданы тұрғындарына есеп берді

94

Шымкент қаласы әкімінің халықпен кездесуі жалғасып жатыр. Бұл жолы шаһар басшысы Мұрат Әйтенов Әл-Фараби ауданының тұрғындарымен жүздесті. Жиынға қаламыздағы сала басшылары қатысып, халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, сауалдарына жауап берді.

Шымкент қаласының басшысы Әл-Фараби ауданы тұрғындарымен кездесті. Онда жиналған қауым қордаланған мәселелерін ортаға салды.

Мұрат Әйтенов,  Шымкент қаласының әкімі: «Ағымдағы жылы 12 рет тұрғындармен кездесу өтті. Осы күнге дейін 1217 тұрғынды қабылдадым. Онда 2341 сауал тыңдалды. Бүгінде 1400 тапсырма беріліп, сұрақтары шешілді»

Әкімнің тоқсандық есеп беруі барысында аудан басшысы сөз сөйлеп аймақта атқарылған жұмыстар барысымен таныстырды. Атап айтқанда ауданның жылдық бюджет көлемі 32 млрд. теңгеге жеткен. Ал тұрғындар толықтай инфрақұрылым жүйелеріне қосылып, 100 пайыз сапалы интернетпен қамтылды.

 Рашид Мыңбаев, Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының әкімі: «Ауданға биыл 32 млдр. теңге қаржы тартылып отыр. Биыл ауыз сумен қамту 2 есеге өсіп отыр. Ал электр жарығымене қамту 2 есеге, газбен қамту 10 есе асып отыр. Абаттандыру саласын қаржыландыру 4 пайызға өсіп отыр».

Есептік жиынға қатысқан қала тұрғындары көбіне  жеке бас мәселесімен келіп арызданды. Дегенмен арасында жалпыға ортақ проблеманы көтерген тұрғындар да болды.

Шымкент қаласының тұрғыны: «Біздің мекеменің алдындағы жолға 2 жолақ сызылған. Ал бізде 400-ден аса студент тұрады. Кешкісін студент жатақханада ауырып қалса, жедел жәрдем тез келе алмайды. Айналып жүруге мәжбүр.  М. Әйтенов мырза осының шешілуін қадағаласаңыз».

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Жол басқармасы мен Полиция бірігіп 2 күнде ұсыныс айтыңыздар. Тек заң аясында болсын».

Жиында айтылған барлық мәселе тыңдалып, жауапты басқармаларға тапсырма берілді. Сондай-ақ, жеке бас жағдайын айта келген тұрғындарды әкім әр айдың бірінші сәрсенбісінде өтетін жеке қабылдауына шақырды. Ал жиыннан шыққан халық ауданда атқарылған істерге көңілі толатынын айтты.

Қала басшысы кезең-кезеңімен халықпен кездесіп, онда айтылған проблемалардың шешілуіне жағдай жасап келеді. Алайда әлі де күрмеуі тарқамаған дүниелер жетерлік. Сондықтан қала басшысы барлық сала басшыларына ел арасында туындаған мәселелерді шешуде ауызбіршілік керек екенін айтты. Мемлекет басшысының берген тапсырмаларына сай жұмыс кезең кезеңімен жүріп жатқанын да тілге тиек етті.