ШЫМКЕНТТЕ ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ҚЫЗМЕТІНІҢ САПАСЫ ЖАҚСАРДЫ

38

 

Шымкент қаласы бойынша бүгінгі таңда 1000 қоғамдық көлік бар. Оның ішінде 876 автобус жолаушыларды тасымалдап жүрсе, қалғаны резервте тұрады. Жалпы, шаһарда жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын 10 көлік компаниясы бар. Олар: «Shymkent-Bus», «T-Bus», «Автоимпульс», «MAN-Оңтүстік», «М и Р и Со», «ТТК», «Радуга транспорт», «Санжар-Моторс», «Абдуганиев» және «Автокомбинат №4».

Қоғамдық көлік саласының қызметіне қатысты тұрғындар тарапынан өтініш жиі түсіп тұратыны жасырын емес. Осыған байланысты қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан биылғы сәуір айында бақылау жұмыс тобы құрылған болатын. Тұрғындар мен мамандардан құрылған арнайы топ жүргізушілер мен кондукторлардың мәдениетін, жол ақысын төлеудің заңдылығын, қоғамдық көліктердің тазалығын, автобустардың уақтылы жүруін қадағалайды.

Сонымен қатар, қала ішіндегі бағыттарда жүретін автобустарға қатысты күнделікті рейд жүргізіледі. Соның нәтижесінде жол жүру ережесін бұзудың 442 дерегі анықталып, тиісті шара қолданылды, дейді жауапты мамандар. Осылайша бүгінде қоғамдық көлік саласының қызметіне талап едәуір күшейтілген. Ал бұл, өз кезегінде, қызмет сапасының жақсаруына септігін тигізеді.