Түркістан: Облыс басшысы IV дүниежүзілік көшпенділер ойыны жеңімпаздарын марапаттады

43

Қазақстан құрамасы Түркияда өткен IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жеңіске жетті. Ел сапында түркістандық спортшылар да өнер көрсетіп құраманың жеңіске жетуіне үлес қосты. Сондықтан елге оралған жерлестерімізді облыс басшысы арнайы қабылдап, жеңімпаздарға қомақты сыйлықтар табыстады.

Ел құрамасы Түркияның Изник қаласында өткен IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жеңіске жетті. Қазақстан көкпар құрамасында өнер көрсеткен түркістандық спортшы Абылайхан Нышанбеков жарысқа бармас бұрын 3 айдай Алматы, Тараз қаласында арнайы жаттығудан өткен. Сол тынымсыз дайындық жеңісті сәтке қол жеткізуге септігін тигізгенін айтады.

Абылайхан Нышанбеков, көкпаршы: «Алматы қаласында физикалық жаттығу өтті. Кейін Таразда атпен және өзіміз дайындалдық.  Қазақстан құрама бапкерінің өзі дайындады. Қиын болды, бірақ соның арқасында жеңіп шықтық. Финалдық кездесуге дейін 2 ойын болды. Өзбекстан Республикасы, Монғолия, одан кейін топтан 1 орын алып шыққан соң Қырғызстанмен кездестік. Нәтижесінде 4-3 есебімен 1 орын алдық»

Құрама сапында Абылайхан Нышанбековтен өзге Арман Жамалбеков, Дәулет Айтан және Әділет Мамыт сынды облыстың бетке ұстар көкпаршы спортшылары бар. Сондай-ақ жамбы ату спорт түрінен барған жерлесіміз Ералхан Айкөз «қабақ» атудан – екінші орын, «табла» атудан үшінші орынға ие болды. Ал түлкібастық спортшы Әділет Мамыт ақтық ойында құрама қоржынына 2 салым салып, жеңіске жетуге үлес қосқан.

Әділет Мамыт, көкпаршы: «Ойын 4 күнге созылды. Бірінші  Өзбекстанмен кездестік, 8-1 есебімен жеңіп кеттік. Екінші Монғолия мемлекетімен шығып 9-1 есебімен ұттық. Үшіншісінде осы қырғызстандықтармен болды. Жарыс қиын болды десек те болады. Бірақ ол жерде біз өзіміздің, не  облыстың ғана намысын емес, Қазақстанның намысын арқалап бардық. Намысты қолдан бермей жеңіп шықтық. Сондықтан ел үмітін ақталық деп ойлаймыз. Жеңіске жеткен соң 5 млн теңге сыйақы берді».

Қазақстан құрамасы жеңіс тұғырынан көрініп, келесі 2024 жылы өтетін V Көшпенділер ойынын біздің елде өткізу мүмкіндігін қоса жеңіп алды. Сондықтан да облыс басшысы спортшыларды дүниежүзілік жарысты өз деңгейінде өткізуге бірге үлес қосуға шақырды. Сондай-ақ жеңімпаздарды арнайы қабылдап, сыйлықтар табыс етті.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Көкпаршыларымыз 1 орын алды дегенге бірінші болып қуандым, шынын айтқанда. Жеңісті сәттерің көп болсын. Тек жеңістен көрініңдер. Енді Көшпенділер ойыны Түркістанда өтуіне бірге атсалысамыз».

Айта кетейік, көшпенділер ойынына әлемнің 102 елінен 3 мыңнан астам спортшы қатысқан. Қазақстанның атынан 50 спортшы көкпар, қазақ күресі, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, көк бөрі спорт түрлерінен бақ сынады.