Бүгін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келді. Министр алдымен Түркістан қаласында БАҚ басшыларымен кездесу өткізген болатын. Киелі қалада БАҚ-тағы өзекті мәселелер, медиадағы бүгінгі жаңашылдықтар туралы талқылау жасады. Үшінші мегаполиске ат басын бұрған Министр алдымен жергілікті «Ontustik» телеарнасының жұмысымен танысып, сол жерде БАҚ өкілдерімен кездесті.
Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі: «Бүгінде министрлік бұқаралық ақпарат құралдары туралы жаңа заңның жобасын әзірлеп жатыр. Онда журналистердің статусын айқындайтын, олардың құқықтарының қорғалуы мен әлеуметтік тұрғыда қолдау көрсетілуін қамтамасыз ететін және кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған нормалар болады. Сондай-ақ, БАҚ-тарды субсидиялау туралы да ұсыныстар айтылып жатыр. Әрине, мұның бәрі әзірге жоба ғана. Жұмыс тобы нақтылау жұмысын жүргізіп жатыр. Содан кейін заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынылады».
Осы орайда, Д.Қыдырәлі Шымкент қаласының еліміздегі медиа саласының дамуында ерекше рөл атқаратынын, сондықтан жергілікті журналистердің заң жобасына қатысты пікірі мен ұсыныстары маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ, кездесу барысында ақпарат саласын дамыту, азаматтық қоғам, жастар және отбасы саясаты, дін, этносаралық қатынастар, қоғамдық сананы жаңғырту мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында министр жергілікті БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап беріп, саладағы өзекті проблемаларды шешу жөніндегі ойларын ортаға салды. Айтылған ұсыныс пікірлер назарда болатынын жеткізді.
Бұдан кейін Дархан Қыдырәлі Оқушылар сарайында азаматтарды жеке қабылдау өткізеді деп жоспарланып отыр.