Қариялар Президент сайлауына белсене қатысты

19

Қарттар үйіндегі қариялар Президент сайлауына белсене қатысты. Түркістан облысы №2 Арнайы қызмет көрсету орталығында орналасқан нөмірі 190 сайлау учаскесінде 161 сайлаушы бар. Мұнда мүгедектігі бар азаматтардың сайлауға қатысуына да арнайы жағдай қарастырылған. Мекеме ұжымы алғашқы болып дауыс берген екі зейнеткерге арнайы сыйлықты да үлестірді. Сондай-ақ, тарихи күн қарсаңында қарияларға арнайы мерекелік дастархан әзірлеуді жоспарлап қойған.

Қарттар үйінде орналасқан №190 сайлау учаскесінде 161 сайлаушы бар. Мұнда дауыс беру таңғы сағат 6:00де басталып кетті.  Қариялар ел Президентін таңдауға белсенді қатысты. 70 жастағы Мәмбетқұл Құрманбаев сайлауға мерекеге келгендей арнайы дайындалған. Зейнеткер алғашқылардың бірі болып дауыс бергені үшін арнайы сыйлыққа да ие болды.

Айта кетсек, 2016 жылдан бері қарттар үйін паналаған қария, мұнда байқаушы ретінде де тіркелген. Сөзінше, мұнда саяси науқан әділ әрі заң талаптарына сай өтіп жатыр.

Мәмбетқұл Құрманбаев, Түркістан облысы №2 Арнайы қызмет көрсету орталығының тұрғыны: «Сайлау өтіп жатыр. Өзім осы қарттар үйінде тұрамын. Тек Әділетті Қазақстан үшін дауыс бердім. Мен Қазақстанның болашақ ұрпақ үшін белсенділік таныттық. Қарттар үйінде біз бесенді болған соң жастарда соған қарайды. Белсенді болсын».

Ел Президентін таңдап, дауыс беруге белсенділік танытқандардың қатарында, ерлі-зайыпты Қасымбек Мұсақұлов және Салтанат Ишанходжаева да бар. Сөздерінше, қос қария қарттар үйінде танысып, 1 ай бұрын отау құрған. 82 жастағы Салтанат апа жарымен көңіл қосқалы, мекемедегі барлық қызметте екеуі бірге жүруге тырысады. Мемлекет тарихындағы маңызды күнде де олар бірге келіп, өз таңдауларын жасады.

Қасымбек Мұсақұлов, Түркістан облысы №2 Арнайы қызмет көрсету орталығының тұрғыны: «Жұбайым екеуміз 5:30 бастап келіп дауыс бердік. Сайлауға, барлығымыз тұрып осы Қазақстанның болашағы үшін дауыс бердік. Жақсылық болсын әрдайым».

Айта кетейік, мұнда 89 мүгедекті бар азаматтар да тұрады. Сала жуаптыларының сөзінше сайлау учаскесінде ерекше жандар үшін де жағдай жасалған. Денсаулығының нашарлығына қарамастан, мүгедектігі бар қарттар да сайлауда белсенділік танытып, жастарға үлгі болуда дейді мекеме директоры.

Шарбат Шырынбекова, Түркістан облысы №2 Арнайы қызмет көрсету орталығының директоры: «Шымкент қаласы Еңбекші ауданы нөмірі 190 сайлау учаскесі жұмыс жасап тұр. Қарияларымыз үшін бұл үлкен мереке, үлкен оқиға. Түнгі төрттен тұрып дайындалды. Қазіргі таңда 72 адам дауыс беріп үлгерді. Бірінші дауыс берген ата апаға сыйлық бердік. Үлкен мерекелік шай дайындалып жатыр».

Бүгінде Шымкентте 311 сайлау учаскесі жұмыс жасауда. Дауыс беру күні әрбір сайлаушы өз сайлау учаскесіне келіп, таңдау жасайды. Басқа адамдар үшін дауыс беруге болмайды.

Сайлаушылар бюллетеньді жасырын дауыс беруге арналған кабинада толтырады. Кабинада дауыс берушiден басқа біреудің болуына тыйым салынады. Тек бюллетеньді өз бетінше толтыра алмайтын сайлаушы ғана өзі сенетін адамның көмегін пайдалануға құқылы.

Азиза Өтеулиева