Түркістанда жұртшылықтың саяси науқанға деген белсенділігі жоғары. 18 жасқа толған студент жастан бастап қарияға дейін өз таңдауын жасады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің мәдениет орталығында орналасқан №133 сайлау учаскесінде дауыс берді. Бұл учаскеде дауыс беру құқығына 2 773 адам ие.
Кезектен тыс президент сайлауына Жарқынбек Құрманбеков немерелерімен келді. «Мемлекетіміздің тұтастығы, елдің тыныштығы мен халқымның амандығын ойлап саяси шараға отбасымызбен бірге келдік. Бұл үрдіс әкемізден келеді, ол кісі бір сайлаудан қалмайтын, бізді де ерте жүретін. Әр азаматтың дауысы қазақ елімнің келешегі үшін маңызды екенін ұмытпа балам деп айтушы еді», — дейді ақсақал.
Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің мәдениет орталығында орналасқан №133 сайлау учаскесінде 2 773 сайлаушы тіркелген.
Бегахмет Абусейітов, Түркістан қаласындағы №133 сайлау комиссиясының төрағасы:
«Өздерің байқадыңдар біздің учаскеде ұйымдардан байқаушылар қатысуда. Байқаушылар жеті ұйымнан қатысып жатыр. Барлығы заң шеңберінде, ешқандай заңбұзушылық тіркелмеген».
Кезектен тыс президент сайлауына алғашқы қатысып жатқандардың қатарында ХҚТУ студенттері бар. Олар бүгінгі таңдау -болашағымыз сондықтан міндетті түрде сайлауға келдік дейді.
Түркістан облысы бойынша 919 сайлау учаскесі бар. Оның 50-і облыс орталығында орналасқан. Сайлау учаскелерінің 893-і азаматтардың тұрғылықты жері бойынша және 26-ы уақытша болу орындарындағы сайлау учаскелері. Нақты айтсақ, 5 — әскери бөлімде, 1 — шипажайда, 16 — емдеу мекемесінде, 4 — уақытша ұстау изоляторында.
Облыста 1 163 860 сайлаушы дауыс беру құқығына ие. Науқанды бақылауға 2 229 комиссия мүшесі бекітілген. Сайлауда мүгедектігі бар азаматтар үшін жағдай жасалынған. Қазіргі таңда облыста 97 101 мүгедектігі бар азамат тұрады. Олардың 60 пайызы сайлауда дауыс беру құқығына ие.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасау үшін учаскелерде арнайы бұрыштар орнатылған. Одан бөлек, 36 инватакси, 42 әлеуметтік такси, есту қабілеттері нашар азаматтар үшін 101 ымдау маманы қызмет көрсетіп жатыр. Облыс аумағында сайлау күні қоғамдық көліктер тегін қызмет көрсетуде.
Шынар Оразова