Әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғайтын бөлімшелер жұмыс істейді

56

ҚР Ішкі Істер министрлігінде әйелдер мен балалар арасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты баспасөз брифингі өтті. Жиында Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Жасұлан Қаратайұлы барлық полиция департаменттерінде тұрақты жұмыс істейтін жедел-тергеу топтары құрылғанын мәлімдеді. Әрі арнайы бөлімшелер де жұмысын бастады деді.

Енді елде әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғайтын арнайы бөлімшелер жұмыс істейді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің апталық брифингінде Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Жасұлан Қаратайұлы мәлімдеді. Сонымен қатар, барлық полиция департаменттерінде тұрақты жұмыс істейтін жедел-тергеу топтары құрылған. Олардың құрамына 280 әйел-тергеуші бар.

Жасұлан Қаратайұлы, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары: «ІІМ-де әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлімшелер құрылды. Айта кетер болсам, қызметкерлер өз кезегінде өтініштерді қабылдау, жәбірленушілерге құқықтық және психологиялық көмек көрсету, сондай-ақ дағдарыс орталықтарымен және үкіметтік емес ұйымдармен белсенді жұмыс істейді. Әйел тергеушілердің қылмыстық істерді тергеуі сенім факторын қолдануға және тергеу әрекеттерін сапалы жүргізуге мүмкіндік береді».

Брифинг барысында тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту бойынша заңнамаға түзетулер енгізілетіні де айтылды. Жасұлан Қаратайұлы мұның маңыздылығы мен тиімділігіне кеңінен тоқталды.

Жасұлан Қаратайұлы, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары: «Біріншіден, «өтініш берушіден» тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ден қоюдың «анықтау» сипатына көшу ұсынылады. Бұл тәсіл жасалған құқық бұзушылық үшін жазаның бұлтартпаушылық принципін қамтамасыз етеді. Екіншіден, тараптардың татуласу рәсіміне қойылатын талаптарды қатаңдатады. Біз тек сотта татуласуға мүмкіндік беруді ұсынамыз. Үшіншіден, отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейту. ӘҚБтК шеңберінде қайта қылмыс жасағаны үшін әкімшілік қамауға алу  мерзімдерін ұлғайту ұсынылады».

Ал төртіншіден, денсаулыққа зиян келтіруге байланысты қылмыстардың құрамына «отбасылық – тұрмыстық қатынастардағы адамға қатысты» біліктілік белгісін енгізу көзделіп отыр деді Әкімшілік полиция комитет өкілі.