Шымкент қаласының тұрғындарының назарына!
Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ауа райының суытуына байланысты тұрғындарға автономдық пешпен үйді жылыту және ыстық суға арналған газ жылытқыш қондырғыларын қолдану кезінде сақтық шараларын сақтау керектігін ескертеді. Себебі, техникалық жағдайының тексерілмей қосылуынан газбен улану жағдайлары орын алуы мүмкін.
Улану белгілері: бастың айналуы, бастың ауруы, жүректің айнуы, құсу, құлақтағы шу, ентігу, жөтел және көздің жасаурауы, кейде керісінше әлсіздік және ұйқышылдық байқалады. Сонымен қатар, адамның вестибулярлық аппаратының жұмысы бұзылып, есту, көру қабілеттері нашарлауы мүмкін (тепе-теңдікті жоғалту, өзін –өзі ұстай алмау). Бұл белгілер естен тануға себеп болады. Ауыр және орташа санатты улану кезінде жүрек-қан тамырлары жүйесі жұмысында проблемалар болуы мүмкін. Аритмия пайда болып, қан қысымы мен дене температурасы төмендейді. Осындай жағдайда зардап шегушіге медициналық көмек дер кезінде көрсетілмесе, жүрек тоқтап, адам қайтыс болуы да мүмкін.
Алғашқы көмек туралы айтар болсақ, улы газбен уланғанда (бас айналуы), адамды таза ауаға тез арада шығару қажет. Есіңізде болсын, уланған адамды қауіпті газ концентрациясы бар жерден алып шығу кезінде өзіңіз бірге уланып қалмас үшін бірінші кезекте өз қауіпсіздігіңізді қамтамасыз ету қажет. Ол үшін тез әрекет етіп, қол орамалы немесе дәке арқылы тыныс алу керек. Ауыр және орташа санаттағы иіс тию кезінде адамды ауруханаға жеткізу керек.Тез арада медициналық жедел жәрдем бригадасын шақырту қажет.
Қарапайым қауіпсіздік шараларын барлығы да біледі, дегенмен газдан улану жағдайлары орын алып жатады. Сол себепті пештер мен каминдерді нұсқамаларға сәйкес қолданыңыз. Желдету жүйесінің жұмысына жүйелі түрде тексеру жүргізіп, түтін тарту құбырларын уақытылы тазалаңыз, пештер мен каминдерді орнату кезінде тек кәсіпқой мамандарға жүгініңіз.
Үйді жылыту пештерін және ыстық суға арналған газ қондырғыларын іске қосардан бұрын техникалық жағдайына, ауа тазартқыш қондырғыларының дұрыс жұмыс істеуіне аса назар аудару керек.
А.Ахметов,
Шымкент қалалық СЭБД басшысының орынбасары