Әкіммен ашық кездесуге 150-ден аса тұрғын қатысты

19

Таң бозынан қала тұрғындары «Көрме» орталығына жиналды. Барлығының ойы бір, толғандырған сан сауалын шаһар басшысына қойып, шешімін сұрау. Кездесуге жиналған жұртшылықтың негізгі сұрағы коммуналдық қызметтер бағасы, қаланы абаттандыру, инфрақұрылым саласына бағытталды. 

Шымкент қаласының басшысымен кездесуге келушілердің қарасы қалың. Сондықтан да ұйымдастырушылар сұрақ қоюға оқталған жандарға арнайы номер таратып шықты.

Егер тұрғынның жеке сауалы мен ұсыныстары болса, жауапты шенеуніктердің өзіне кезексіз барып жүгінуге мүмкіндік те қарастырылды.

Мегаполис тұрғыны Әл-Фараби ауданының әкіміне бір емес, үш сұрағын қоюға келген. Ол ең бірінші тұрақты жұмысқа орналастырып берсе деген тілегін жеткізді, Ол сонымен қатар, көп қабатты үйдің шатыры мен балалар ойын алаңшасын қайта қалпына келтіру мәселесін де айтты.

Гүлжан Сейітаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Біздің шатырымыздан су тамшылап тұр. Оған қоса балаларымыз ойнайтын алаңша да жоқ. Балалар қайда ойнарын білмейді. Бұл сұрағымды Әл-Фараби ауданының әкіміне жолдасам деймін»

Шымкенттіктер көтерген тақырыптардің ең өзектісі инженерлік желілер, жол құрылысы, қоқыс, экология мен шарықтап кеткен тауар бағасы болды.

Рашид Мыңбаев, Әл-Фараби ауданының әкімі: «Газ және жарық туралы сұрақтар көп қойылып жатыр. Біз бәрін де тыңдауға және жауап беруге тырысамыз. Ал егер жеке сауалдар болса, оны да міндетті түрде назардан тыс қалдырмаймыз»

Ашықтық пен жеделдікті ұстанған кездесудің жаңа форматына бұл жолы дәрігерлер мен прокуратура, полиция қызметкерлері де атсалысты. Тіпті жаңа ғана әкім орынбасары лауазымына тағайындалған Қуаныш Асылов та кездесуден шет қалмады.

Мұндай кездесулер Шымкентте екінші жыл қатарынан тұрақты түрде өтуде. Қабылдау кестесін шенеуніктер әкімдіктің әлеуметтік желідегі парақшасында тұрақты түрде жариялайды.