Шенеуніктен 50 млн. теңге бопсалаған кәсіпкер қолға түсті

54

Шымкентте шенеуніктен 50 млн. теңге бопсалаған кәсіпкер ұсталды. Күдіктіні Шымкенттегі ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері оқиға орнында құрықтады.

Сезікті шенеунікті бопсалап, ірі көлемде ақша талап еткен. Нақтырақ айтқанда, қалалық полиция департаментіне айтулы факті бойынша мемлекеттік мекемелердің бірінің басшысы жүгінген. Сөзінше, «ер адам іскерлік беделіне нұқсан келтіретін ақпаратты таратамын» деп оған сес көрсеткен.

Қазіргі таңда күдіктінің жеке басы анықталды. Ол бұрын мемлекеттік сатып алу бойынша конкурсқа қатысқан қала тұрғыны болып шықты. Дегенмен, ол байқаудан жеңіліп қалып, оған жәбірленушіні кінәлаған. Күдікті 45 миллион теңгені қолма-қол алу кезінде қолға түсті. Оның 40 млн. теңгесі жалған ақша болған. Бүгінде оның басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.

Әбубәкір Төрекелді, Шымкент қаласы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі: «Түркістан облысының шенеунігінен 50 млн. теңге бопсалаған жеке кәсіпкер ұсталды. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 194-бабы “Қорқытып алу” бойынша тіркелді. Қазіргі таңда күдікті қамауда. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр».