Шымкентте бір жылда 7 оқушы өз-өзіне қол жұмсап, қайтыс болған. Бұл туралы қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева мәлімеді. Сондай-ақ өткені жылы мектеп жасындағы 6 бала құқықбұзушылыққа барған. Ал білім басқармасы мұндай жайттардың алдын алу үшін қандай шаралар қабылдап жатыр?
Шымкентте өткен жылы мектеп жасындағы 8 бала өз-өзіне қол салып, 7-еуі қайтыс болған. Бұл бір жыл алдынғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 1 балаға артық. Мегаполистің бас ұстазы Жанат Тәжиеваның айтуынша олардың басым бөлігі отбасындағы жағдайға байланысты осындай қадамға барады. Сондықтан ата-аналар баламен жақынырақ сөйлессе екен дейді.
Жанат Тәжиева, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы: «Көбінде ата-аналардың талабын көтере алмау. Мысалы үшін бір бала әкесі ұялы телефонын алып қойғаны үшін өзіне қол салған. Яғни, әкесі сабақ оқуын талап еткен. Біз бұрынғы жағдайды айта береміз, «біздің кезімізде осындай болған» деп. Қазіргі жастарға жаңалық көп екенін түсінсе екен. Балаларымен көбірек тіл табысып, өздеріне жақын тартып сырлас болатын заман келген сияқты. Осы бағытта Білім және Ғылым министрлігінің тарапынан арнайы «Бала қорғау» кюар кодтары шығып, интернет желісінде ата-аналарға, балаларға тегін кеңес беру жұмыстары ұйымдастырылды».
Сондай-ақ өткен жылы үшінші мегаполисте 18 жасқа толмаған балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық көрсетудің 30 жағдай тіркелді. Ал оның екеуі қалалық білім басқармасына қарасты мекемелерден анықталған. Жанат Тәжиева бұл жағдай бойынша қылмыстық іс ашылып, тиісті жұмыстар атқарылғанын айтты. Сонымен қатар 2022 жылы 6 мектеп оқушысы құқықбұзушылық жасағаны үшін жауапқа тартылған. Мұндай жайттардың алдын алу мақсатында білім басқармасы кітап шығаруды қолға алыпты.
«Ата-аналар мен балаларға да қажет болатын, құқықтық сауаттылығын арттыратын түсіндірме-анықтама кітапшасын дайындап жатырмыз. Мысалы, біреудің жейдесін ойнап тартып алдың, ол үшін заңда қандай жаза бар екенін, ол жерде ата-анасы қандай жазаға тартылады, балаға қандай жауапкершілік қолданылатыны толық жазылады. Шымкент қаласының бас Прокурорының тапсырмасына сай осы жұмысты бастап кеттік», — деді Жанат Арысбекқызы.
Жанат Тәжиева мектеп психологтары мен мұғалімдері мұндай жағдайды болдырмау мақсатында жұмыс істеп жатқанын айтады. Бірақ, бала тәрбиесіне қатысты мәселелерде ата-аналар ұстазбен үндесе жұмыс істеген жағдайда ғана белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге болады. Сондықтан мегаполистің бас ұстазы ата-аналарды ұлт болашағы-балалардың тәрбиесіне көңіл бөлуге шақырады.