Шымкентте тағы да үй өртеніп, бір отбасы баспанасыз қалды

87

Шымкентте тағы да үй өртеніп, көпбалалы отбасы баспанасыз қалды. Қыстың көзі қырауда жалынға оранған үйдің сау-тамтығы қалмаған. Абырой болғанда, ешкім зардап шекпеді. Дегенмен, айдың-күннің аманында үй-күйсіз далада қалған жанұя көптің көмегі мұқтаж.

Шымкентте тағы бір үй өртке оранды. 11 қаңтар күні сағат кешкі 17:00 шамасында Таскен шағынауданындағы бір баспананың шатыры толығымен өртеніп, шаңырағы ортасына түскен. Оқиға болған уақытта отағасы жұмыста, ал отбасының қалған мүшелері үйде болыпты. Шыққан түтінді алғашқы болып үйдің үлкені байқаған. Отанасының сөзінше, шамамен 20 минуттың ішінде үйдегі бар дүние мүлік күлге айналған.

Жұлдызай Мыңбасова, Шымкент қаласының тұрғыны: “Біз білмейміз арғы шеткі бөлмеде жатқанбыз. Балалар бөлмесінде үлкен қызым отырған. Өрт шыққан, түтін барған соң, қызым «түтін келіп жатыр» деп сыртқа шығып қараса, мына жер жанып жатыр екен. Сонымен, «апа-апа» деп айқайлап, арғы жақтнан мен шықтым. Қарасам, мына жер лаулап кетіпті.  Келді кейін өрт сөндіру қызметі, бірақ олар келем дегенше ештеңе қалмады. Ешқандай зат алып шыға алмадық, ештеңе. Құжатты өрт сөндірушілер жайын сұрап, алып шығып берді, шеттері күйген бірақ”.

Жалын лезде шарпыған соң, отбасы мүшелері сыртқа жалаң аяқ қашып шыққандарын айтады. Жалпы, Аждаровтар отбасы бұл үйді 2018 жылы сатып алған екен, бұған дейін мұнда ешқандай қауіпті жағдай туындамаған.

Жұлдызай Мыңбасова, Шымкент қаласының тұрғыны: “Қызым осы жерде телефон қарап жатқан, естіп, жаңағы қызым айқайлағаннан кейін мына есікті ашам деп шыққан. Ашса, мына жер көк түтін болып кеткен. Сонымен есікті жапқан да, терезеден атып шығып, былай барды да ол. Кішкентай қызым сыртта болған, сол екеуін мына жақтан шақырып алдым да, көршінің үйіне кіргіздім бала шағамды”.

Қазір бұл отбасыға ағайын-туыстары мен көршілері қол ұшын созып жатыр. Бірі заттай немесе азық-түліктерін алып келіп берсе, енді бірі ақшалай көмектескен. Дегенмен, отағасы Сәкен Аждаров басындағы баспаналары мүлдем жарамай қалғандықтан, үйді сүріп, қайта тұрғызу керек дейді.

Сәкен Аждаров, Шымкент қаласының тұрғыны: “Ағайын-туыстарым, көршілерім, достарым қолдан келгенше ақшалай болсын, басқа материалдық киім-кешек болсын көмектесіп жатыр. Өздеріңіз көргендей бұл үй жарамсыз болып қалды, қайта жөндеуге келмейді. Ішінің бәрі күйік, қайтып тұрғызуға болмайды. Сүріп, қайттан жаңа үй тұрғызу керек”.

Сәкен Аждаровтың сөзінше, мамандар өрт токтың қысқа тұйықталуынан шығу мүмкін деген болжам айтқан. Ал қалалық төтенше жағдайлар департаменті өрттің шығу себебі анықталып жатқанын айтады.

«2023 жылғы 11 қаңтарда сағат 17.11-де Шымкент қаласы, Таскен шағын ауданы Бозкент н/з көшесінде орналасқан жалпы көлемі 117 ш.м. тұрғын үйдің шатыры толығымен және үйдің ішінде үй заттары жанды. Өрт сағат 17.46 оқшауланып, 18.43-те толығымен сөндірілді. Өрттің шығу себебі анықталуда. Өртті сөндіруге 3 өрт сөндіру техникасы, жеке құрамнан 29 адам жұмылдырылды» — делінген Шымкент қаласы ТЖД департаменті хабарламасында.

Бір апта бұрын баспанасымен қоса, бар дүние-мүлкінен айырылған отбасы бүгінде өздері пәтер жалдап тұрып жатыр. Егер, аязды күні баспанасыз қалған көпбалалы отбасыға қол ұшын созамын деушілер болса, экранда көрсетілген нөмірге қаржылай аударым жасауға болады.

РЕКВИЗИТТЕР:

KASPI BANK +7 702 421 90 58 Жулдызай М.

БАЙЛАНЫС ТЕЛЕФОНЫ: +7 702 421 90 58 Жұлдызай Мыңбасова