Түркістан облысының полицейлері заңсыз құс атқан тұрғынды анықтады

49

Браконьерліктің және табиғатты қорғау заңнамасы саласындағы басқа да құқық бұзушылықтардың жолын кесу бойынша жүргізілетін жедел-профилактикалық іс-шаралар аясында, Арыс аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жабайы жануарларды заңсыз аулаудың кезекті дерегін анықтады.

Тәртіп сақшылары мен «Охотзопром» қызметкерлері бірлесіп, Борлы қыстағының шығыс беткейінде күмәнді «Toyota Land Cruiser Prado» маркалы автокөлікті тоқтатты. Көліктің ішінде жүргізушіден бөлек, екі жолаушы болды. Олардың бірі Шымкент қаласының тұрғыны болса, екеуі шардаралық болып шықты.
Автокөлік салонын тінту кезінде полицейлер үш тұрғынның әрқайсысына тиесілі 3 аңшылық мылтық пен оқ-дәрілер тәркіледі. Сондай-ақ олардың біреуінен заңсыз атып алынған 1 қырғауыл, Қызыл кітапқа енгізілген 3 қарабауыр буылдырыққа ұқсас құс табылды. Көлік айыптұраққа қойылды.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 337-бабы «Заңсыз аңшылық» бойынша тіркелді. Сараптама тағайындалды. Қазіргі уақытта аталмыш браконьерлік дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.