Пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға арналған жәрмеңке өтті

499

Шымкентте жұмыспен қамту ортылығының ұйымдастыруымен пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға арналған жәрмеңке өтті. Оған 28 жұмыс беруші мекеме қатысып, бір жарым мыңға жуық жұмыс орнын ұсынды. Екі қолға бір күрек таппай жүрген тұрғындар жәрмеңкеден олжалы қайтты.

28 жастағы Ақтолқын Күмісбекова жәрмеңкеге үлкен үмітпен келді. Екі қолға бір күрек таппай жүрген тұрғын тұрақты жұмысқа орналасқысы келеді. Тігіншілікке ебі бар еңбекқор қыз жолдама алып, жұмысқа шақырылды.

Ақтолқын Күмісбекова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Тігінші болып анама көмектесіп жүргенмін. Жәрмеңкеге келіп жұмыс тауып отырмын. Қуаныштымын. Айлығым 80 мың теңге дейді».

Пробация қызметінің есебінде тұрған көп азамат бүгін жәрмеңкеден көтеріңкі көңіл-күймен қайтты. Жергілікті кәсіпорындар мен мекемелер бір жарым мыңға жуық бос жұмыс орындарын ұсынды. Оның ішінде 50-ге жуығы – бос жұмыс орындары болса, 350-і – тұрақты жұмыс орындары. Cонымен қатар, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында 1 мыңнан аса уақытша бос жұмыс орындарына да арнайы есепте тұрған азаматтардың орналасуына мүмкіндік туды.

Әділет Өмірсейіт, Шымкент қалалық жұмыспен қамту ортылығының маманы: «Жыл басынан бері пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтардың 83-і тұрақты бос жұмыс орындарына, 1 әлеуметтік бос жұмыс орнына, 1 жастар практикасына, 1 ақылы қоғамдық жұмыс орнына, 17 азамат қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдама арқылы жолданды».

Айта кетейік, жыл басынан бері Шымкентте пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға арналған жәрмеңке осымен екінші рет ұйымдастырылды. Жұмыссыздықты жою мақсатында ұйымдастырылған бұл шаралар жұмыс берушілердің өздеріне қажетті мамандарды таңдауына және екі қолға бір күрек таппай қиналған азаматтардың тұрақты табысқа қол жеткізуіне сеп болуда.

Мақпал Рысбаева