Қазақстан құтқарушылары Түркиядағы құтқару жұмыстарын аяқтады

61

Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел тобы Түркиядағы іздестіру-құтқару жұмыстарын аяқтады. 19 ақпанда жеке құрамның екінші тобы елге оралды.

Қазақстан құтқарушылары 7-19 ақпан аралығында Түркияның үш провинциясының аумағында іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізді. Атап айтсақ, Нурдагы ауданында, Газиантеп және Хатай қалаларында азаматтарды үйінділерден шығаруға атсалысты. Сонымен бірге Қахраманмараш провинциясына үздіксіз гуманитарлық көмек жеткізіп отырды.
Апат аймақтарында жұмыс істеген қазақстандық мамандардың саны жүзден асты. Жедел топтың құрамына Астана, Алматы қалаларының, Қарағанды және Ақмола облыстарының мамандары, сондай-ақ Апаттар медицинасы орталығының медицина қызметкерлері кірді. Іздестіру-құтқару жұмыстары ҚР Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаевтың басшылығымен жүргізілді.
Вице-министрдің айтуынша, апат аймағындағы жағдайдың қиындығына қарамастан, жұмыс тәулік бойы жүріп жатты. Жүктелген міндеттер қауіпсіздік техникасын сақтай отырып, толық көлемде орындалған.
«Төтенше жағдайлар аймағындағы үйінділерде қаза тапқандардың көп болуы, сондай-ақ құтқару-іздестіру жұмыстары қаза болғандардың туыстары мен жақындарының көз алдында жүргендіктен психикалық-эмоционалдық жүгі ауыр болды. Іздестіру-құтқару жұмыстары үздіксіз, тұрақты жүргізілді. Оның үстіне жер сілкінісі қайталанса, құтқару жұмыстарын жүргізіп жатқандардың өзіне қауіп төнуі мүмкін еді. Алайда біздің мамандар жеке құрамның қауіпсіздігіне қатер төндіретін ықтимал жағымсыз салдардың бәрін ескерді», – деді И.Күлшімбаев.
Іздестіру-құтқару жұмыстары кезінде 15-18 адамнан тұратын арнайы топтардың ұйымшылдығы нәтижесінде үйінділерден Түркияның 7 азаматы құтқарылып, қаза тапқандардың 88 мәйіті алынды. Сонымен қатар, 200-ге жуық тұрғынға медициналық және психологиялық көмек көрсетілді. Оның ішінде 30-ы әртүрлі жастағы балалар. Мұндайда әр минуттың маңызы зор болғандықтан құтқарушылар тәулік бойы үш ауысыммен жұмыс істеді.
Құтқару операцияларының қорытын
дысы бойынша Түркия азаматтары, Табиғи апаттар мен төтенше жағдайлар басқармасының (AFAD) құтқарушылары, жергілікті атқарушы органдар қазақстандық мамандардың кәсібилігі мен жеделдігіне, адал әрі жанқиярлықпен көмек көрсеткені үшін алғыс білдірді. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі құтқарушыларының дайындығы, ұжымдағы тәртібі мен мамандардың батылдығы жоғары бағаланды.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркиядағы жер сілкінісінің салдарын жоюға қатысқан қазақстандық құтқарушылар елге оралғаннан кейін марапатталатынын айтты.
Еске сала кетсек, Түркияның оңтүстігінде жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 41 020 адамға жетті. Ал зардап шеккендердің саны 108 068-ден асады. 12 141 ғимарат пен құрылыс қирады.