Шартты түрде бостандыққа шыққандар жұмысқа орналасуда

60

Еңбекші аудандық полиция басқармасында шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан азаматтардың қатысуымен жиын өтті.

Шарада сала мамандары, жұмыспен қамту орталығының өкілдері есепте тұрған азаматтарды жұмысқа орналастыру, әлеуметтік жәрдемақының тағайындалуына ықпал жасау бойынша құқықтық кеңес берді. Мамандардың пікірінше мұндай шаралар бұрын істі болған азаматтардың әлеуметтік ортаға тезірек бейімделуіне көмектеседі дейді.

Еңбекші аудандық полиция басқармасында бас бостандығынан айыру орындарынан шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққандар санатымен есепте тұрған жалпы 66 тұлға бар. Бүгінгі жиынның басты мақсаты олардың қайта құқықбұзушылық жасауына жол бермеу. Сондықтан да аталған санатқа жататын тұлғалардың әлеуметтік ортаға бейімделуін қамтамыз ету міндетіміз дейді басқарма басшысы.

Оңласбек Алғибаев, Шымкент ҚПД Еңбекші АПБ Жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы: «Қала әкімдігі, прокуратура, жұмыспен қамту орталығының өкілдерімен бірігіп,  профилактикалық есепте тұрғандармен кездесу ұйымдастырып, олардың әкімшілік және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында бас қостық».

Кездесу барысында шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар санатымен есепке тұрған тұлғаларды жұмысқа орналастыру бойынша кеңес берілді.

Бекболат Алиханов, Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары: «Квота бойынша сұрақтарына жауап бердік, қазір қаладағы ірі 50 кәсіпорын бос жұмыс орнын ұсынуға дайын. Кеше ғана 4-5 адамды дәнекерлеуші жұмысқа орналастырдық».

Шаһарда құрылыс жұмыстары қарқын алғандықтан краншы, ауыл шаруашылығы техникасының жүргізушілері, дәнекерлеушілерге сұраныс жоғары. Тоқыма кәсіпорындарына тігіншілер қажет. Жұмысқа орналасқаннан кейін де тұрақты түрде есепте тұратын азаматтарды учаскелік инспекторлар мекенжайына барып, бақылау жасап, әлеуметтік көмек те көрсетуде.

«Қазір 400 – дей адам есепте. 16-23 аралығында профилактикалық шаралар тексерулер жүргізілуде»- дейді Еңбекші АПБ пробация қызметінің инспекторы Азамат Серғазиев.

Шараның басты мақсаты – есепке тұратын азаматтардың бостандыққа шыққаннан кейін құқықбұзушылық жасауына жол бермеу, оның алдын алу. Құзырлы органдар, салалық мекеме өкілдері Ішкі істер министрлігі бекіткен қағидалар аясында әлеуметтік жоғарыда аталған азаматтарды қоғамға бейімдеу бойынша жұмыс атқаруды жалғастырады.