Шымкентте ерекше балалардың аналарын оқытатын орталық бар. Ел бойынша жұмыс істейтін жобаның Шымкент қаласындағы филиалы өткен жылы ашылған. Бүгінде алғашқы түлектерін оқытып үлгерген жоба жетекшілері тәлім алған аналарда көп өзгеріс байқалатынын айтады.
Регина Тасболатова төрт баланың анасы. Оның бір қызы церебралды сал ауруына шалдыққан. 10 жылға жуық бала тәрбиесімен үйде отырған ана өткен жылы Мама про қоғамдық қорының арнайы орталығына келген. Мұнда өзін дамытуға арналған курстардан өтіп, өмірім өзгерді дейді ол. Регина бүгінде қордың Шымкент қалалық филиалының директоры. Ол психологиялық курстардың нәтижесінде көптеген ана жақсы жетістіктерге қол жеткізгенін айтады.
Регина Тасболатова, «Мама Про» қоғамдық қоры Шымкент қалалық филиалының директоры: «Өте жабық болып келді, ешнәрсені айта алмай, енді аузынан суырып алғандай болдық. Бірінші потоктың курсы біте салысымен өте зор айырмашылықты білдік, өйткені олар ашыла бастады, өздері ойын айта бастады. Көптеген бизнес-тренерлер келіп, бізбен жұмыс істеді. Сол жерде біз бизнес-планды қалай құрады, немене айналысқымыз келеді, үйде отырған аналарға өте қиын, ал ерекше балалары бар аналарға одан да қиын десем болады. Соның барлық жағын бізге үйретіп, неше түрлі мастер кластар болды».
«Мама Про» қоғамдық қоры ерекше балалардың аналарына қолдау көрсетеді. 2018 жылы бастау алған жобаның Шымкент қаласындағы филиалы өткен жылы ашылды. Бүгінде 20-ға жуық ана толық курстан өтіп үлгерген. Олардың қатарында кәсібін ашып үлгергендері де бар.
Айжан Әлжанова, «Maма ПРО» қоғамдық қорының президенті: «Бүгінгі таңда 1000-нан астам түлегіміз бар. Курсымыз өз нәтижесін беріп келеді. Қазір бізбен көптеген сала мамандары жұмыс істейді. Аналарға жобаны жасауды, талқылауды, таныстыруды үйрететін бизнес мамандары сабақ береді. Және әйелдерге менталды және моральді тұрғыда көмек беруді баса назарға алдық. Бүгінде 100-ден астам ана өз бизнесін бастап, кәсібін домалатып отыр».
Мұнда түрлі форматтағы шеберлік сабақтары мен тренингтер де жиі өткізіліп тұрады. Ал аналарға арналған негізгі курстар үш бағыт бойынша жүргізіледі. Қоғамдық қор ұсынатын ең маңызды әрі бірегей курс – ерекше бауыры бар балаларға арналған. Онда мүмкіндігі шектеулі туысы бар жасөспірімдермен түрлі сала мамандары бірге жұмыс істеп, кеңес беріп, арнайы қызмет көрсетеді.
«Бізде аналар – кәсіпкерлік және цифрлық сауаттылық негіздері бойынша, сонымен қатар, психологиялық қолдау курстарынан өте алады. Онда Қазақстандағы ең мықты мамандар тәлім береді. Бұл өте маңызды курс – себебі аналарға балаларының диагнозын қабылдау, онымен жұмыс істеу маңызды. Және бастысы – аналарды қолдау, бұл — біздің басты мақсатымыз. Ал үшінші курсымыз Қазақстанда ғана емес, тіпті әлемде де жоқ шығар. Бұл ерекше диагноздағы бауырлары бар жасөспірімдерге арналған«- дейді «Maма ПРО» қоғамдық қорының президенті Айжан Әлжанова.
Ақпан айының алғашқы онкүндігінде аналарға арналған арнайы курстар өз жұмысын бастайды. Онда кәсіпқой бизнес мамандары мен арнайы психологтар сабақ өткізеді.